Алматы мен Түркістаннан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына «Бірлік керуені» аттанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы мен Түркістаннан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына «Бірлік керуені» аттанды

02.09.2024

Алматыдан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына «Бірлік керуені» аттанды. Жүзге жуық адам қаланың орталық көшелерімен жүріп, Абай даңғылына дейін келді. Алматының дәстүрі мен стилінде безендірілген «Керуен» құрамында ұлттық спорт шеберлері, шабандоздар, бапкерлер мен спортшыларымызды қолдайтын жанкүйерлер бар. Керуенді бастаған аударыспақтан аға жаттықтырушы Асхат Рысов. Алматылық жанкүйерлер Алатаудан аққан бұлақтан торсыққа су құйып алып бара жатыр. Дәстүр бойынша әр өңірден келген 20 батыр торсықтағы суды дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында тайқазанға құяды.

Асхат Рысов, аударыспақтан Алматы құрамасының аға жаттықтырушысы:

Біз Алматы қаласынан 1 батыр 10 елші бара жатырмыз. Енді бұйыртса, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындықтарымыз мықты. Жақсы өнер көрсетеміз деген ойдамыз. Сол ұлттық спорт түрлерінен аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу Қазақстанның құрама командасы өте керемет дайындықта.

Ал Түркістандық спортшылар Қожа Ахмет Йасауи кесенесінің ішіндегі Құдықхана бұлақтан су алып, Астанаға аттанды. Облыс атқамінерлері көкпардан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия, Әлем чемпионы Ғалымжан Ізжановқа торсықты тапсырып, халықаралық додада бақ сынайтын саңлақтарға сенім білдірді. Айта кетейік, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Түркістан облысынан 29 спортшы ел намысын қорғайды.

А.Қуантхан, А.Ақбаева

Хабарламаларға жазылу