Киік пен қуаңшылықтан зардап шеккендерге өтемақы беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Киік пен қуаңшылықтан зардап шеккендерге өтемақы беріледі

02.09.2024

Батыс Қазақстан облысында киік пен қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға 2 млрд теңге көлемінде субсидия бөлінді. Бір ай бұрын Бөкей ордасы, Жәнібек ауданында мал азығының тапшылығына орай жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланған болатын. Қаражат облыстық бюджеттен аналық бастың мал азығын дайындау үшін беріледі. Ал ылғал аз түсіп, киіктің жайылымды отап кеткеннен кейін қысқа қор жинай алмаған ауыл тұрғындарына тасымал шығыны өтеледі. Облыс орталығынан 500 шақырым қашықтағы Жәнібек ауданына қалаға іргелес Тасқала ауданынан шөптің алғашқы легі келе бастады. Төтенше жағдайға орай мал азығы төмен бағамен сатылады. Сондай-ақ қос аудандағы 500-ге жуық шаруаның қаржылық институттарға қарызы кейінге шегерілмек.

Жасұлан Хайруллин, БҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Бөкей ордасы ауданында мәселе туындап отырған, дайындалған мал азығы қажетті көлемінен 35 % құрап отыр. Жәнібек ауданында 40 % дайындалған. Екі аудан бойынша аталған шараларға 2 млрд 132 млн теңге қажеттілік анықталды. Осы қаражатты төлеу үшін нормативті бекіту бойынша жұмыс жүріп жатыр. Норматив бекітілгесін ауыл шаруашылығы құрылымдарына төленеді.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу