«Бірлік Керуені» жолға шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Бірлік Керуені» жолға шықты

31.08.2024

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының маңызды бөлігінің бірі «Бірлік керуені» жобасы. Дүбірлі додаға Абай облысынан қатысушы делегация елордаға аттанды. Қазақ күресінен әлем чемпионы, «Қазақтан барысы» Айбек Нұғымаров бастаған керуенді Семейліктер сән салтанатымен шығарып салды.

Керуен сапары Ұлы Абайдың туған жері Сырт Қасқабұлақта бастау алды. Бұл жерден көшпенділер ойындарының басты нышаны және негізгі элементі – қасиетті су алынды. Әр өңірден жолға шыққан делегация торсыққа құйылған суды Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында тайқазанға құяды. Бұл елдің бірлігін, тұтастығын және өзара ынтымақтастығын көрсетеді.

Азамат Қажыбай, делегация мүшесі:

Абай облысының атынан «Бірлік керуенін» бастап, жолға шығып бара жатқан жайымыз бар. Бүгін міне Абай облысы әкімдігі қолдап, арнайы сапарға аттандырып жатыр. Жолымыз оңды, сапарымыз сәтт болсын дейміз ең бастысы. Абыроймен оралуға нәсіп етсін. 97 медаль сарапқа түсіп, 89 елден келген дүбірлі аламанда кім алса да, ең бастысы лайықтысы алсын дейміз.

Күллі түркі әлемі көз тіккен Дүниежізілік Көшпенділер ойындарын Абай облысының тұрғындары да асыға күтуде. «Дүбірлі аламан жастардың бойындағы патриоттық сезімді оятады», - дейді олар.

Қайсар Беделхан, қала тұрғыны:

Болашақта біз сияқты жастар, өскелең ұрпақ осындай көшпенділер ойындарына еліктеу арқылы өзінің руханияты мен рухын көтереді деген ойдамыз. Патриоттық рух беретін ұлттық ойындар дами берсе, әрқашан қуаныштымыз.

«Бірлік керуені» мүшелерінің құрметіне Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясы ұсынған арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Салтанатты шараға жиналған қолдаушы қауым және батагөй ақсақалдар ізгі тілегімен «Бірлік кеуенін» шығарып салды.


Хабарламаларға жазылу