Алматы мен қала іргесіндегі төрт елдімекенді жалғайтын жалғыз көпірдің жұмысы баяу жүріп жатыр. Осылай деген тұрғындар оқу жылы басталса, қалаға барыс-келіс қиындап, әбігерге түсеміз бе деп алаңдайды. Өткел көктемде апатты деп танылып жабылған. Ал уақытша айналма жол арқылы шаһарға тәулігіне шамамен 10 мыңға жуық адам қатынайды. Көпірдің құрылысы қашан аяқталады? Әріптесім Айдана Қуантхан біліп қайтты.
Самат – Қоянқұс елдімекенінің тұрғыны. Ол жаз басталғалы кептелістен көз ашпадық деп отыр. Уақытымыз жолда өтіп жатыр, деп наразы. Оқу жылы басталса, бес бала қалаға апару үшін, түннен бастап жолға қамдану керек пе деп күйінеді Үлкені - студент, қалған төртеуі мектеп пен балабақшаға баруы керек.
Самат Алтынбеков, Қоянқұс елдімекенінің тұрғыны:
Ана жақты жауып тастайды, жекеменшік деп. Мына жерде жүруге болмай қалады, жүре алмай қаламыз. Қиын кішкене бізге. Қыркүйек болды, қиындықтың бәрі енді басталайын деп тұр ғой.
Қала мен Жаңаталап ( 2 769), Жаңадәуір (4 994), Ынтымақ (4 576), Қоянқұс (6 518) елдімекендерін жалғап тұрған, жалғыз көпірдің қозғалысы шектеліп, маусымнан бері жабық тұр. Аталған елдімекендерде 20 мыңға жуық тұрғын бар. Олардың көпшілігі қалада жұмыс істеп, жастары білім алады. Әдетте, Алматыға 20 минутта жететін жұрт, қазір тар жолда тұралап, екі сағат уақыт жоғалтады екен.
Айдана Қуантхан, тілші:
Тұрғындар үш айдан бері осы жолмен қалаға қатынап жүр. Жол өздеріңіз көріп тұрғандай зираттың ортасынан өтеді. Ені небәрі –5 метр. Жолға екі көлік қатар сыймайды. Сондықтан мұнда таңерте және кешке – кептеліс.
Ал көпірдің құрылысына жауапты мердігерлер жөндеу жұмыстарын шілденің соңында бастапты. Айтуларынша, ұзындығы - 18, ені - 8 метр ескі өткелді бұзып, 33 метрге ұзартқан. Жобаны әзірлеу барысында, уақыт жоғалтып алғандарын мойындап отыр.
Бақытбек Шаймарданов, ЖШС директоры:
Бұрғылау жұмыстары біраз қиындық туғызып, уақытты алып жатыр. 50 жыл бұрын тұрғызылған ескі көпірдің әбден тозығып жеткен. Қазір біз жерді 30 метр қазып, арматураны орнатып жатырмыз. Мұнда 20-дан аса адам, 3 техника жұмыс істейді.
Айдана Қуантхан, тілші:
Қазір көпір жөндеу жұмыстарының бастапқы кезеңінде. Өткелдің қадалары орнатылып жатыр. Десе де, мердігер компания өкілі, жұмысты қарашада аяқтаймыз дейді. Демек күнде қалаға бару үшін сағаттап жолда тұратын 4 елдімекеннің тұрғындары үшін әлі екі шыдауға тура келеді.
Айдана Қуантхан
