Бүгін Қырғызстан халқы тәуелсіздік күнін атап өтіп жатыр. Бауырлас елде түрлі мерекелік шаралар қызған. Тарихы тереңнен бастау алған мереке, алдымен Ала-Тоо алаңында мемлекеттік туды көтеру рәсімімен басталды. Тақырыпты Арай Төлегенқызы жалғастырады.
Қазақ-Қырғыз қарым-қатынасы әрқашанда бейбітшілік, стратегиялық серіктестік бағытта жалғасып келе жатыр
Қырғызстанның тәуелсіздік алғанына 33 жыл толды. Айтулы датаға орай ел астанасы Бішкекте мерекелік шаралар өтіп жатыр. Сонымен бірге қырғыз мемлекеттілігін дамытудың алғашқы қадамы Қара-Қырғыз автономиялық облысының құрылғанына бүгін 1 ғасыр толған. Осыған орай қаланың басты алаңы Ала-Тоода мемлекеттік туды 100 метр биіктікке көтеру рәсімі өтті.
Бұл рәсімнен кейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров халықты басты мемлекеттік мерекемен құттықтап, сөз сөйледі.
Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының президенті:
Бүгінгі тәуелсіздігіміз – ынтымақ пен бірлігіміздің нәтижесі. Қырғыз республикасының тәуелсіздік күнін салтанатты түрде тойлау дәстүрін жалғастырып келеміз. Бұл еркіндік пен өзіндік даму құндылығын ұғыну және оны өскелең ұрпақ бойына сіңіру үшін маңызды.
1991 жылдың дәлі осы күні Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік тәуелсіздік туралы декларация қабылдап, елдің КСРО құрамынан шығу процесін аяқтады. Осы тарихи акт бойынша Қырғыз Республикасы тәуелсіз, егемен, демократиялық мемлекет болып жарияланды. Бұл дата елдің қазіргі заманғы тарихына ғасырлар бұрын жоғалтқан мемлекеттілікке қайта қол жеткізген күн ретінде кірді.
Қазақ-Қырғыз қатынасына тоқтала кетсек. Оның тамыры тереңде жатқаны мәлім. Биыл сәуірде екі елдің президенттері Одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы келісімге қол қойды. Тарихи құжат екі елдің байланысын дамытуға жаңа серпін бермек. Былтыр Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы 26 пайызға өсіп, 1,5 млрд долларға жеткен. Ендігі меже - оны 2 млрд долларға жеткізу.
Арай Төлегенқызы