Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Өзбекстандағы филиалы жұмысын бастауға дайын. Талапкерлерден құжат қабылдау аяқталды. Жаңа оқу жылында 452 жас білім алады. Ташкент облысының Шыршық қаласында орналасқан оқу орны халықаралық білім стандартына сай техникалық және экономикалық бағыттағы мамандар даярлайды. Қос ел Президенттерінің тапсырмасымен ашылған филиалда, оқу бағдарламасы қазақ, өзбек және орыс тілдерінде жүреді. Болашақта ағылшын тілінде білім алатын топтарды ашу жоспары бар. Құжат тапсырған талапкерлердің 60%-дан астамы қазақ.
Дария Қожамжарова, Университет филиалының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
Бұл филиал болашақта халықаралық дәрежеге жететін, екі елдің тарихы мен мәдениетін жоғары дәрежеде зерттейтін және дамытатын білімді оқу орны болады деп сенеміз.
Шыршықтағы технопарк аумағында ашылған оқу орны жастардың теория мен тәжірибені қатар алып жүруіне мүмкіндік береді. Яғни, студенттер өндіріс орындарында тәжірибеден өте алады. Білім ордасының оқытушылар құрамы да жасақталған. Кадрлардың 60 пайызы қазақстандық мамандар. Қалған 40 пайызы жергілікті ұстаздар.
Базаркүл Отыншиева