Құтқарушы қызмет ұландары – Конституция құрдастары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Құтқарушы қызмет ұландары – Конституция құрдастары

Құтқарушы қызмет ұландары – Конституция құрдастары

Жетісу облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде 1995 жылы Конституция қабылданған жылы дүниеге келген азаматтар қызмет етеді. Өрт сөндіріп, адам құтқарып, төтенше жағдайлардың алдын алу арқылы олар Ата заңымыздың бірінші бабында көрсетілген мемлекетіміздің ең басты байлығы адам және адамның өмірі деген қағидатты бұлжытпай орындап келеді.

Капитан Бағдат Тыныбек, лейтенант Дархан Байғонысов және аға лейтенант Еламан Әубәкіров батылдық пен адалдықты қажет ететін қауіпті мамандық иелері. Үш азаматты тек қызметі ғана емес, өмірге келген жылдары да замандас, дос етті. Конституция қабылданған жылы дүниеге келген үш құтқарушының да басты міндеті антына адал болу, Ата заңымызды қастерлеу.

Бағдат Тыныбек, Жетісу облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бас маманы:
ҚР Конституциясы – біз қызмет ететін Төтенше жағдайлар министрлігінің ғана емес, бүкіл Қазақстан Республикасының азаматтарының құқығын қорғайтын Ата заң. Азаматтардың өмірін сақтауға қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ҚР Конституциясы аясында қызмет етуге әрдайым дайынбыз.

Бірі өртпен арпалысып, бірі суға батқандарды құтқарып, енді бірі табиғи апаттардың салдарын жойып, еңбек жолын бастаған құрдастар бүгінде департаменттің штабында қызмет етеді. Шендері өссе де сертіне берік. Әрдайым көмек көрсетуге ұмтылып тұрады. Елдегі саяси реформаларды, Ата заңымызға енгізілген өзгерістерді де назардан тыс қалдырмайды.

Еламан Әубәкіров, Жетісу облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері:
Конституцияның арқасында халыққа көп көңіл бөлініп жатыр. Қазіргі таңда әкімдер сайланды. Референдумдар өткізіліп жатыр. Бәрі халық үшін. Осы өзгерістердің енгізіліп жатқаны Ата Заңымыздың арқасы.

Бұл замандастар атақ пен даңқ іздемейді. Күнделікті міндетін атқарып, адам өмірін сақтап қалуға ұмтылады. Ал адам өмірі мемлекеттің басты байлығы.

Қуаныш Қанатұлы


Бөлісу