Жекешеленіп кеткен стратегиялық нысандар мемлекетке қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жекешеленіп кеткен стратегиялық нысандар мемлекетке қайтарылды

29.08.2024

Шымкентте кезінде жекенің меншігіне өтіп кеткен су жинау және оны тазарту орындары секілді бірнеше стратегиялық нысан мемлекет иелігіне қайтатын болды. Бұл мегаполисте ауыз су мен кәріз жүйесінің тарифін төмендетуге, сарқындыларды мейілінше тазартып, одан молырақ энергия қуатын өндіруге мүмкіндік бермек.

Шымкент қаласын ауыз сумен қамтып отырған жүйелердің бүгінгі таңда тек 22 пайызы ғана мемлекет меншігінде. Ширек ғасыр бұрын 4 су жинау орны мен тазарту қондырғысы және оған қарасты автокөлік шеберханасы жекешеленіп кеткен. Соның салдарынан еліміздегі үш мегаполистің ішінде әлі күнге ауыз судың ең қымбат тарифі Шымкентте. Ал ол Алматыда 2 есе, Астанада 1,5 есе төмен. Сондай-ақ сарқындыларды тазарту сапасы нашар болғандықтан техникалық суды айдындарға ағызып жіберу де мүмкін болмай отыр. Экономиканы монополиядан арылту комиссияның шешімімен енді бұл нысандар толықтай мемлекет иелігіне қайтарылмақ.

Айдын Кәрімов, қала әкімінің орынбасары:

Бір шешімге келген кезде тариф қайта қаралады. Оның инвест жоспары да өзгертіледі. Азайту жағын да қараймыз. Алдағы 3-5 жылдықта тариф өспеуі де мүмкін.

Мемлекеттік бағдарлама аясында биыл Шымкенттегі 81 шағын ауданның барлығы таза ауыз сумен қамтамасыз етілгелі отыр. Биыл бұл жұмыстарға 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

Ризабек Меңдіқұлов, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы:

Қазіргі таңда біздің көрсеткішіміз 99 пайыз. Қалғаны «Құрсай». Жалпы ол «сақалды» құрылыс. бірақ осы жылы бітіреміз. Тағы жаңа құрылыстар бар. Олар да қалмайды.

Жыл басынан бері Шымкентте кезінде заңсыз жекешеленіп кеткен тағы бірнеше нысан мемлекет меншігіне қайтты. Оның ішінде электронды аукцион кезінде бастапқы бағасынан 8 есе арзанға бағаланған мұз сарай мен көпқабатты тұрғын үй, мейрамхана салынып кеткен «Кең баба» саябығының жері де бар.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу