Көкшетау қаласында жаңа ЖЭО салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетау қаласында жаңа ЖЭО салынады

29.08.2024

Бүгін «Көкшетау қаласында ЖЭО салу» бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жөніндегі шартқа қол қойылды. Мамандар бұл жоба халықтың электр және жылу энергиясына деген сұранысын толық қамтамысыз етеді дейді. Естеріңізде болса қаңтар айында өткен Үкімет отырысында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңадан 3 ЖЭО салынатыны айтылған еді.

Көкшетау – еліміздегі жылу және электр энергиясы станциясы жоқ жалғыз облыс орталығы. Сәйкесінше, қаладағы электр қуатының бағасы еліміздегі ең жоғары тарифтің біріне айналған. Мұндағы жылу жүйелерін қамтамассыз ететін қазандықтардың да жағдайы мәз емес, 64%-ға жуығы тозған. Алдағы жылдары бұл мәселе толық шешімін таппақ. Өңірде электр қуаты 240 мегаватт және жылу қуаты 520 Гигакалория/сағат болатын жаңа жылу электр орталығы салынады.

Қайрат Мақсұтов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:

Бүгін «Көкшетау ЖЭО» және «Интер-РАО Экспорт» компаниялары арасында жобалық- сметалық құжаттамаларды әзірлеу бойынша келісімшартқа қол қойылды. Келісімшарт бойынша «Интер-РАО Экспорт» жабдықтарды жеткізу және құрылысты толық аяқтау бойынша міндеттерді атқарады. Жақын арада біз ЖЭО алаңында дайындық құрылыс жұмыстарын бастаймыз және де жыл соңына дейін негізгі және қосалқы жабдықтарды дайындайтын зауыттарға тапсырыстар береміз.

Жобаға ресейлік өндірушілердің негізгі және қосалқы жабдықтарын пайдалану көзделген. Мамандар жаңа технологиялық шешімдердің арқасында ЖЭО көмірден табиғи газға ауыстыруға мүмкіндік бар әрі ластаушы заттардың шығындылары әлдеқайда аз болады дейді. Ал, қала тұрғындары...

ЖЭО құрылысы биыл басталып, 2028-2029 жылдары кезең-кезеңмен пайдалануға берілмек. Нысан іске қосылса 400 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.

Серік Жұмабек


Хабарламаларға жазылу