Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды

29.08.2024

Бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды. Ол 14,25 пайыз шамасында сақталмақ. Өйткені инфляция тағы өсуі мүмкін. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, әлемдік тауар бағасы мен еліміздегі ақылы қызметтердің қымбаттауы инфляциялық қысымды күшейтіп отыр. Десе де оны ауыздықтап, қымбатшылықпен күресу үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр дейді, Тимур Сүлейменов. Оның айтуынша базалық мөлшерлеменің жоғары болуы қаржы нарығын тұрақтандырады, теңгеге деген сенімді күшейтеді. Бұл аса маңызды. Өйткені инфляция өскен кезде, көбі жинақтағы ақшасының-- құнын жоғалтпау үшін оны қымбаттап жатқан түрлі тауарға, жылжымайтын мүлікке инвестициялауға әуес. Бірақ бұл нарықтағы сұранысты одан сайын арттырып, жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Сол үшін базалық мөлшерлеме жоғары болып, қаржының депозитте жатқаны дұрыс. Бұдан бөлек, бас банкир еліміздің дамуына қатысты болжамын да жария етті.

Тимур Сүлейменов, ҚР ұлттық банкінің төрағасы:

Қазақстан экономикасының 2024 жылы өсу болжамы 3,5-4,5% шегінде сақталады. Бұған іскерлік белсенділіктің өсуі мен инвестициялық белсенділіктің артуы әсер етпек. Ал 2025 жылы ЖІӨ 6,1%-ке дейін арттыру мүмкін. 2026 жылдың соңына қарай экономиканың жылдық өсімі 5,9% шамасында болады деп күтілуде.

Сондай-ақ Сүлейменов доллар бағамына қатысты болжамын айтты. Төрағаның сөзінше кейбір сарапшылар айтып жүргендей бір доллар 900 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін емес. Қазір ол 480 теңге шамасында. Жыл соңына дейін де 440, 460 және 480 теңгенің аралығында болады деп болжап отыр.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу