Астанада 31 көше жөнделіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада 31 көше жөнделіп жатыр

29.08.2024

Сабақ басталғанда Астанада көлік қозғалысы қиындауы мүмкін. Себебі қаладағы 31 көшеде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Уақытша жабылған жолдар қашан ашылады? Жол жөндеу аяқталды ма?

Астана күн сайын көркейіп қана емес, кеңейіп те келеді. Тиісінше транспорт саны да көбейген. Ресми ақпаратқа сүйенсек, қалаға күніне 90 мыңнан астам көлік кіріп-шығады. Ал, тіркелген көліктер саны 440 мыңға жуықтайды. Сондықтан қарбалас уақытта яғни, таңертең, түсте және кешке көліктер көшеде кептеліп тұрады. Бұған автоның көптігімен бірге көшелерді жөндеу жұмыстары да себеп. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, қазір қаладағы 31 көше қалыпқа келтіріліп жатыр.

Зарина Темірғалиева, Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы:

Биыл қалада ұзындығы 60 шақырым болатын 50 көшені жөндеу жоспарланған еді. Оның 29-да жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазір қалған 39-ы қалыпқа келтіріліп жатыр. Сондықтан Сығанақ, Уалиханов пен Бөгенбай батыр көшелерінде қозғалыс шектелген, Жансүгіров көшесінің Абылай хан даңғылынан Құдаберділұлы даңғылына дейінгі тұсы толықтай жабылды.

LRT құрылысы да көлік қозғалысын қиындатып жатыр. Себебі сол маңдағы көшелер уақытша жабылып, жүргізушілер амалсыз айналып жүреді. Ал екі күннен кейін жаңа оқу жылы басталады. Тұрғындар нағыз кептеліс сол кезде болады дейді.

Жөнделіп жатқан бірқатар аумақтар қыркүйекте, біраз бөлігі қазан айының соңында қолданысқа беріледі. Яғни, тағы екі ай қозғалыс шектелуі мүмкін. Айта кету керек 31 тамыз күні спорттық марафонның өтуіне байланысты сағат таңғы 08:00-ден 10:00-ге дейін бірнеше ірі көше толықтай жабылады.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу