Биыл Корпорация жалпы саны 150 бөлім болатын түрлі жанрдағы 11 жаңа телехикая түсіруде.
Жаңа сериалдар ішінде спорт, медицина, инклюзия, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құтқарушылар тақырыбына арналған драма, мелодрамалар және Қазақ театрының 100 жылдығы мен 1930-1940 жылдардағы төл мәдениетіміздің айшықты оқиғаларына арналған тарихи телехикаялар бар.
Сонымен бірге Қазақ әдебиетіндегі үздік шығармалардың бірі Бердібек Соқпақбаевтың «Он алты жасар чемпион» повесін экранизациялау жұмысы басталып кетті.
Кездесуде Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай «Корпорация тапсырыс беруші ретінде тек рейтингтің жоғары болуына мүдделі емес, басым бағытымыздың бірі – ағартушылық миссия, қоғамда адами құндылықтарды дәріптеу», - деп атап өтті.
«Сол себепті кәсіп үйрену, адал еңбекке баулу, бала қауіпсіздігін сақтау, цифрлық сауаттылық және күнделікті өмірде кездесіп жатқан интернет алаяқтарынан қорғану сияқты қарапайым, бірақ кез келген жастағы аудитория үшін маңызды дүниелер әрбір сериалда сюжеттік желі ретінде нақты оқиғалармен көрсетілуі қажет», - деді Басқарма төрайымы.