Атырауда мұнайшылар марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда мұнайшылар марапатталды

29.08.2024

Қазақстан мұнай өнеркәсібіне 125 жыл. Мерейтой аясында Атырауда мұнай игеру саласында елеулі еңбек еткен ардагерлер мен үздік қызметкерлер марапатталды.

Қара алтынды игеруде қалтқысыз еңбек еткен мұнайшылардың бірі - Ардақ Қонысқалиев. Кеңқияқ мұнай кен орнында қарапайым жұмысшы болып бастаған ол 40 жылда осы саланың қыр-сырын меңгерді, қиындықты еңсерді. Еселі еңбек елеусіз қалмады.

Ардақ Қонысқалиев, ардагер мұнайшы:

Марапатқа ие болып жатырмыз. Бұған әрине өте қуаныштымын. Бұл енді ардагерлеге көрсеткен құрмет деп білемін. Ел экономикасының қозғаушы күші, тіпті жүрегі деп жататын мұнайшы мамандығын таңдаған тағдырыма ризамын.

Ал Айболат Ғабдуллин еңбек жолын 1978 жылы бастаған. Ардагер мұнайшы «Ембімұнайгазда» 41 жыл бойы қызмет етті.

Айболат Ғабдуллин, ардагер мұнайшы:

Мұнайшы атанғанымды мақтан тұтамын. Себебі бұл қара шаңырақ. Алда мақсаттар көп. Сондықтан да әлі де болса ірі мұнай-газ орындарын ашсақ дейміз. Мынау ілеспе газ, табиғи газдарды өндіру ісін жолға қойып, халық мүддесіне жарату сияқты міндеттер тұр.

1899 жылы Қарашүңгілден бастау алған қазақ мұнайы елдің ырысы мен берекесіне айналды. Атыраудағы «ҚазМұнайГазға» қарасты кәсіпорындар ел экономикасын дамытып, халықтың әл ауқатын арттыруға үлес қосып келеді. Жуырда «Ембімұнайгаз» компаниясы Құлсарыда 150 орындық оңалту орталығын іске қосты.

Рысты Тасмағамбетова, «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары:

Біз өткен 2023 жылдың және осы жарты жылдық жоспарларды артығымен орындадық. Енді біздің алдымызда тұрған қомақты іс ол - мұнай қорын молайту, мұнай өндіру көрсеткіштерін өсіру. Сол бағытта біз жаңа технологияларды қолдануды қазір көздеп отырмыз.

 Мереке барысында мұнай-газ саласының ардагерлері мен қызметкерлері марапатталып, «Қазақстан мұнайына 125 жыл» мерекелік медальдерін кеуделеріне тақты.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу