Сарапшы: АЭС – елді қуатпен үздіксіз қамтамасыз етудің кепілі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарапшы: АЭС – елді қуатпен үздіксіз қамтамасыз етудің кепілі

29.08.2024

Атом энергетикасын дамыту Орта Азия мемлекеттеріндегі энергетика саясатының негізгі бағыты болуы тиіс. Өзбекстандық сарапшы пікірі осылай. Бұл бойынша алғашқы қадам жасалды. Яғни көршілес елде шағын атом электр стансасы салынбақ. Ал Қазақстан әлемдегі уран өндіретін алпауыт елдер қатарында. Сәйкесінше атом энергиясын өндіруде басымдықтары да мол, - дейді мамандар.

Қазақстанда бірнеше таңдау бар. Мәселен судан алынатын қуат көзі соншалықты үлкен потенциалға ие деп айта алмаймыз. Электрдің басым бөлігі көмірмен жұмыс істейтін стансалар арқылы өндіріледі. Қазақстан қатты отынға бай, сондықтан мұны жалғастыра беруге болады алайда, экологиялық салдары уақыт өткен сайын ауыр болып барады, - дейді өзбекстандық сарапшы Бахтиёр Эргашев.

Бахтиёр Эргашев, «Ma'no» зерттеулік бастамалар орталығының директоры:

Газды алайық. Кез келген қазба байлық секілді ол да түгесіледі. Қазақстан мен Өзбекстан көгілдір отынды қазірдің өзінде импорттап жатыр. Ал шеттен келген газды қолданып өндірген энергияның құны қымбат болатыны түсінікті. Әлем елдері жасыл энергияны дамытуды қолға алды. Әйтсе де күн мен желге тәуелді болмайтын тұрақты, энергияны үздіксіз өндіріп отыратын балама қуат көзі керек. Онсыз болмайды.

Өзбекстанда шағын атом электр стансасын салу бойынша келісімге мамырда қол қойылды. Жызақ облысында қуаты 330 МВт болатын нысанның құрылысы басталмақ. Көрші елде энергиялық ресурстарға сұраныс еселеп артып барады. Ал жүйенің тұрақтылығы мен экономиканың дамуы үшін тың энергия көзі қажет.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Президенті:

Әлемдегі жетекші елдердің барлығы дерлік энергиялық қауіпсіздік пен тұрақты дамуды ядролық энергетика арқылы қамтамасыз етеді. Өзбекстан уранға бай ел, және оны үшінші елдерге экспорттап отыр. Дамудың жаңа кезеңіне шығуды ойласақ, бұл жоба біз үшін өте маңызды.

Энергия жетіспеушілігі қазірден-ақ сезіліп отыр. Халық саны артып, өндіріс қарқын алып келеді, жаңа кәсіпорындар салынып жатыр, олардың барлығына электр қуаты керек. Өзбекстан жылына 5 мың тоннаға жуық уран өндіреді. Бұл әлемдегі уран өндірісінің шамамен 4 пайызы.

Бахтиёр Эргашев, «Ma'no» зерттеулік бастамалар орталығының директоры:

Мамандар даярланады, бұл бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Шағын АЭС өндіретін қуат көлемі бойынша аса ауқымды болмағанымен, кадрлық, технологиялық тұрғыдан үлкен тәжірибе. Өзбекстанда ядролық энергетика өндірісін құру бағытындағы аса маңызды қадам.

Табиғи уранды әлемдік нарыққа шығаратын алпауыт елдер қатарынан орын алатын Өзбекстан осылайша тың жобаға кіріскелі отыр. Сарапшылардың пікірінше, АЭС салу елді электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз етудің кепілі.

Базаркүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу