Батыс Қазақстан облысында электр желілерінің 80 пайызы тозған. Биыл жарықпен қамту кәсіпорны тарифтен түскен және ел қазынасынан бөлінген қаражат көмегімен қосалқы стансаларды жөндеп, бағандарды жаңартуға кірісті. Инвестициялық бағдарлама аясында 15 нысан жөнделеді. Қаладағы электр желілері 60-шы жылдары тартылғандықтан, әбден ескірген. Жел тұрса, не қыста мұздақ қатса, жарық өшіп, тұрғындарды әбігерге салады. Биыл жер асты кабельдері жаңартылып, екі қосалқы станса жөнделіп, 64 электр бағанасы ауыстырылады. Желілерді жаңғыртуға 874 млн теңге қарастырылған. Оның 602 млн-ы тарифтен түскен қаржы болса, 272 млн теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген.
Гүлжаз Қазыбекова, облыстық табиғи монополияларды реттеу Департаментінің басшысы:
15 іс-шара қарастырылып отыр жылдың аяғына дейін. Қазір 4 нысанда жұмыс жүріп жатыр. 253 млн теңге қазір игеріліп отыр. Жыл соңына дейін табиғи монополия субъектісі толық соманы игеруге міндетті. Егер игерілмеген жағдайда келесі жылы жұмысты қорытындылағанда, игерілмеген сома тарифті төмендету арқылы қайтадан халыққа қайтарып беріледі.
Ардақ Мұратқызы