Абай облысында 5 бірдей спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Азаматтардың денсаулығын жақсарту үшін бұқаралық спортты дамыту қажеттігін Мемлекет басшысы міндеттеген болатын. Осы мақсатта бүгін Шүлбі кентінде заманауи спорт кешені ашылды. Жоба «Samruk-Kazyna Trust» қорының бастамасымен жүзеге асты.
Шүлбі кентінде болашағынан үміт күттірген жас спортшылар көп. Ауыл жастары әлемдік жарыстарға қатысып, жүлдемен оралып жүр. Жаңа нысаны ашылған соң спортшылар дайындықты күшейтті. Мың жарым шаршы метр жерді алып жатқан кешенде шағын футбол, волейбол және баскетбол алаңдары, теннис корты, екі жолақты жүгіру жолы мен бокс рингі бар.
Нұрлан Советов, карате киокушинкайдан жаттықтырушы:
100-ге жуық бала қатысып жатыр. Шүлбі кентінен жарыстарға шығып жатқан балаларымыз бар, Азия чемпионаттарынан жүлдегерлер бар, Әлем кубогына барған балалалар бар. Енді алдыға қойып отырған мақсатымыз – балалаларды дамыту, өсіру, Әлем чемпионатына дейін апару.
Архат Жұмабаев, боксшы:
Бұл деген бізге үлкен мүмкіндік. Бұрын соңды мұндай болған жоқ. Болашақта үлкен жетістіктерге жетеміз.
Спорт кешенінде жаттығуға қажетті құрал-жабдықтың бәрі бар. Нысанның құрылымы да ерекше. Үнемі ауа тазартып тұратын қондырғылармен жабдықталған.
Нұржан Зейнуллин, Жаңасемей ауданы әкімінің орынбасары:
Зал 200 адамнан жоғары адам сыяды. Қысты күні жылу орталық РК-2 деген қазандық бар, содан жылу көзі келіп тұр бері қарай. Толығымен жеткіліті. Бәрі жобамен қарастырылған, заңды түрде. Жақсы істелген.
Қазір өңірде 500-ден астам спорт нысаны бар, тағы бесеуінің құрылысы аяқталуға жақын. Былтыр 10 спорт кешені ел игілігіне берілді. Сондай-ақ, облыста 14 спорт мектебі жұмыс істеп тұр.