Спорт саласында көп өзгерістер болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Спорт саласында көп өзгерістер болады

28.08.2024

«Спорт саласында кадрлық ауыс-түйістер болып, кейбір спорт түрлері қысқарады». Бүгін Олимпиаданы қорытындылаған жиында Туризм және спорт министрі осылай деді. Спортта тағы қандай өзгерістер болады? Отырысқа қатысқан тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес рет-ретімен баяндайды. 

Париж Олимпиадасында ел намысын 78 спортшы қорғады. Бірақ олардың сегізі ғана 5 спорт түрінен жүлдемен оралды. Ұлттық құрама медаль саны бойынша командалық есепте 87 елдің ішінде 43 орынды алды. Бұл Токио Олимпиадасына қарағанда жақсы көрсеткіш. Бірақ жанкүйерлердің бұған көңілі толмады.

Олимпиада ойындарын қорытындылау үшін Президент әкімшілігі мен Үкімет өкілдері, депутаттар, жүлдегерлер мен бапкерлер һәм федерация басшылары бас қосты. Туризм және спорт министрі Олимпиадаға барғандардың 80 пайызы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында ел намысын қорғаған спортшылар екенін айтты. Барлығымызға мәлім Ханчжоуда ұйымдастырылған Азияда Ұлттық құрама тарихындағы ең нашар жарыстардың бірі саналады. Қаржы бөлдік, жағдай жасадық деген министр Ұлттық құраманың Париждегі сәтсіздігіне федерация басшылары жауапты деді. Сондықтан спорт түрлері қысқарып, салада кадрлық ауыс-түйіс болатынын жеткізді.

Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және Спорт министрі:

Көп федерацияларда модернизация өткіземіз. Көп федерация басшылары ауысады деп ойлаймыз. Қазір біз Мәжілісте заң жобасын қарап жатырмыз. Біріншіден спорт түрлерін қысқартамыз. Екіншіден легионерлер мәселесін қоғам белсенді көтеріп жатыр. Сондықтан Мәжіліспен бірігіп, болашақта легионер болмайды деген ұсыныс айтылып жатыр.

Иә, әсіресе легионерлер мәселесі кеңінен талқыланды. Мәжіліс депуттары бұл мәселеге қатысты заң жобасын да әзірлепті. Құжат қазір үкіметтің қарауында. Қабылданатын болса, оларға мемлекеттен жалақы беру тоқтатылып, шеттен келген спортшылардың еңбекақысы демеушілердің мойнына жүктеледі. Тіпті, олардың трансферіне яғни елге келуіне де шектеу қойылуы әбден мүмкін. Бұл қазақстандық спортшыларымызды қолдауға, оларды әлемдік ареналарға дайындауға мүмкіндік береді. Федерацияларға өңірлік жарыстарды қайта жандандырып, дарынды ұл-қыздарды саралау міндеті жүктелмек.

Туризм және спорт министрінің айтуынша, қазір дәстүрлі саналатын спорт түрлері әлсіреген. Мәселен, бокстан Ұлттық құрама екі Олимпиада қатарынан алтын ала алмады. Сондай-ақ биыл жазғы ойындарға алғаш рет еркін күрестен әйелдер құрамасы қатыспады. Облыстардағы жағдай мүшкіл. Сондықтан саланы жандандыру үшін үлкен өзгерістер керек.

Ербол Мырзабосынов, Ұлттық Олимпиада комитетінің жалпы мәселелер бойынша вице-президенті:

Мысалы бокстан 12 өңірде жастар құрамасында спортшылар жоқ деуге болады. Сонда 8 өңірде ғана бокс бүгін дамып жатыр. 6-7 спорт түрі ол дзюдо, күрес түрлері бар, жеңіл атлетика мен жүзу бар. Соларды әр түрін саралап біз сіздерге көрсеттік оларда бүгінгі күні резерв жоқ. 20 өңір дарынды, әлемдік спортқа сай бәсекелестік жасай алуы керек.

Сондықтан 180 спорт түрін үш есеге қысқарту жоспарланып отыр. Яғни, Олимпиада бағдарламасына кіретін 20 спорт түріне үлкен көңіл бөлу көзделген.

Сондай-ақ бапкерлерді алмастыру мәселесі де қаралып жатыр. Себебі, Париж Олимпиадасына спортшылармен 67 бапкер барды. Жекпе-жек пен күрес түрлерінен ел намысын қорғайтын спортшыларға 20-ға жуық спарринг жолдас берілді. Бірақ, нәтиже көңіл көншітпеді.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу