Бүгін Франция төрінде 17-жазғы Паралимпиада ойындары басталады. Дүбірлі дода шымылдығы бүгін біздің уақытпен 23:00-де түріледі. Ашылу салтанатын «Qazaqstan» және «Qazsport» арналары тікелей эфирде көрсетеді.
Рәсім Олимпиада ойындарындағыдай стадион ішінде емес, ашық аспан астында өтеді. Бұл жолы әлем халқының назары Елисей мен Келісім алаңында болмақ. Мұнда кеше кешкісін гала-шоу алдындағы соңғы пысықтау шаралары өтті. Париж Паралимпиада ойындарын алғаш рет өткізгелі жатыр. Сондықтан да айтулы оқиға қала тұрғындары үшін ерекше әрі тарихи мәнге ие. Ашылу салтанаты кезінде Франция төрінде көк туымызды қос пара атлетіміз алып шығады. Олар – пара оқ атудан өнер көрсететін Севда Алиева мен отырып ойнайтын волейболдан ұлттық құрама мүшесі Берік Ізмағанбетов.
Берік Ізмағанбетов, волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама мүшесі:
Еліміздің көк туын алып шығу – үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Біздер осы ойындарға тыңғылықты дайындалып келдік. Біздің алғашқы қарсыласымыз – Франция елі. Осы ойында олармен алғашқы кездесуіміз. Көреміз енді, Қазақстанды жерге қаратпаймыз. Жеңіске жетеміз деп ойлаймын.
Қазақстан ұлттық құрамасы осы жолғы Паралимпиадаға жолдама саны бойынша рекорд орнатты. Ел қоржынында спорттың 9 түрінен 33 жолдама бар. Атап айтсақ, пара каноэ, пара таэквондо, пара пауэрлифтинг, пара дзюдо, пара оқу ату, пара жеңіл атлетика, пара жүзу, волейболды отырып ойнау және пара үстел теннисі. Соңғы спорт түрінен Қазақстан алғаш рет Паралимпиада ойындарына лицензия алғанын айта кетейік. Еліміздің намысын бұл сында Әли Мақұлбеков қорғайды. Жалпы, төртжылдықтың басты сайысында барлығы 22 спорт түрінен 549 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Дүбірлі додада әлемнің 167 мемлекетінен келген 4 мың 400-дей пара атлет өнер көрсетеді.
Крейг Спенс, халықаралық Паралимпиада комитетінің өкілі:
Бұл - рекордтық көрсеткіш. Бұған дейінгі Токио мен Лондондағы Паралимпиадаларда 164 мемлекет қатысқан болатын. Байрақты бәсекеде бақ сынайтын спортшылардың 2 мыңға жуығы - әйелдер. Яғни жалпы атлеттердің 45 пайызын құрап отыр. Гендерлік теңдік турасынан алғанда 1960 жылдан бері өткізіліп жатқан дода үшін бұл да - тамаша көрсеткіш.
Қаракөз Тұрмағанбет