Көшпенділер ойындары қарсаңында мерейтойлық пошта маркасы таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көшпенділер ойындары қарсаңында мерейтойлық пошта маркасы таныстырылды

28.08.2024

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында мерейтойлық пошта маркасы таныстырылды. Құны 500 теңгелік марканың тираж саны – 5000 дана. Онда бүркітші мен шеңбер бейнеленген. Көшпенділер философиясында бұл екеуінің де орны ерекше. Ата дәстүрді жалғаған бекзат өнер иесі табандылық пен өзіне деген адалдықты білдірсе, мінсіздікке ең жақын фигура шеңберді көшпенділер ерекше бағалаған. Қорғаныс элементтерінен ультракүлгін бояу мен алтын фольгамен бедерленген бұл марка филателистердің коллекциясынан ойып тұрып орын алатын түрі бар. Жаңа пошта маркасына мөр басу рәсімі «Қазанат» ипподромында өтті. Мұнда көшпенділер ойындарына оқу-жаттығу жиындары өтіп жатыр.

Мұратбек Қыпшақбаев, V дүниежүзілік көшпенділер ойындары дирекция басшысының орынбасары:

Жарыстар өтетін жерлердің бәрі 95 пайыз дайын. Ірі жөндеу жұмыстарынан өтті. Міне, қазір өздеріңіз тұрған «Қазанат» атшабары кезінде 2600 ғана көрермен орны болған еді. Қазір 10 мың көрермені бар. Одан кейін бәйге спортына арналған алаңшасы, көкпар спортына арналған алаңшасы толық күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан іске қосылып жатыр.

V дүниежүзілік көшпенділер ойындарына билеттер 700 теңгеден басталады

Әлемдік додаға 89 елден 2800-ге жуық қатысушы келеді деген болжам бар. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қыркүйектің 8 мен 13 аралығында өтеді. Жарыстарды тамашалауға мүмкіндік беретін билеттерді үйден шықпай-ақ сатып алуға болады. Құны 700 теңгеден басталады. Мектеп оқушылары мен зейнеткерлерге 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған.

Қаракөз Тұрмағанбет


Хабарламаларға жазылу