Шымкентте «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

27.08.2024

Шымкентте «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасының екінші кезеңі мәресіне жетті. Оған ынтымағы мен татулығы жарысып, көпке үлгі болып жүрген 200-ге тарта отбасы қатысып, көптің ортасынан үздіктері әйгіленді.

Сыдықовтар отбасының үш бірдей буыны бүгінде бір шаңырақ астында тату-тәтті күн кешіп келеді. Отағасы Анарбай ақсақалдан бастап баласы мен немерелеріне дейін ат баптайды. Ал Айсана әже мен келіні кітапханашы болғандықтан бұл әулетте кітап оқу тәлім-тәрбиенің басты құралы. Жастары жетпістің жотасына шыққан ата-әженің 8 перзентінен 26 немере мен 8 шөбере өрбіп отыр.

Ақмарал Құдайбергенова, Сыдықовтар отбасының келіні:

Өзге отбасылардан ерекшеленіп тұрған отбасылық дәстүріміздің бірегейі кітап деп ойлаймын. Ал ер азаматтарымыз ұлттық ойындар көкпар, асық атуды дәріптеп келеді.

«Мерейлі отбасы» байқауында бұл жолы Сыдықовтардың шаңырағымен бірге 183 отбасы бақ сынады. Олардың барлығы да елге қадірлі, көпшілікке сыйлы, еңбегі ерен жандар. Екінші кезеңге бұл отбасылардың 20-сы іріктеліп шықты. Олардың барлығы алғыс хатпен марапатталып, сыйлыққа теледидар алды.

Сәбира Байзақова, байқауды ұйымдастыру тобының мүшесі:

Түрлі қоғамдық ұйым өкілдері, сала мамандарынан 18 адам комиссия мүшесі болды. Соның ішінен іріктеліп, өсіп-өнген, түрлі салаларға балаларын тәрбиелеген, одан бөлек еңбек династиялары саналатын отбасылар қатысты.

Байқау қорытындысы бойынша өнерімен елге танылған Сыдықтовтар отбасы үздік атанды. Енді олар республикалық байқауға Шымкент қаласы атынан қатысып, бақ сынайды.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу