Астанада халықаралық ядролық технологиялар көрмесі өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада халықаралық ядролық технологиялар көрмесі өтіп жатыр

27.08.2024

Астанада KazAtomExpo халықаралық ядролық технологиялар көрмесі өтіп жатыр. Онда Қазақстанға АЭС салып беруге ниет білдірген 4 компания өз мүмкіндіктерін таныстырды. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, әр кәсіпорынның өз артықшылығы бар. Мәселен, Оңтүстік Корея станция құрылысына қажетті жабдықтардың 70 пайызын отандық өніммен қамтиды. Ресейлік компания энергетикалық нысанды 9 баллға дейінгі жер сілкінісіне төзімді деп таныстырған. Ал Қытай кәсіпорны құрылысты қысқа мерзімде аяқтауға дайын. Шамамен әр энергоблокты 69 ай ішінде іске қоспақ. Франциядағы компанияның да халықаралық беделі зор,- деді министр.

Пьер-Поль Антениссенс, «EDF» компаниясының Орталық Азиядағы бас директоры:

Францияда энергияның 75 пайызы ядролық энергетикадан алынады. Біздің басты мақсатымыз – саладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Ядролық энергетика қалдық шығармайды. Сондықтан Еуропалық одақ оны жасыл энергетика көзі ретінде таныды. Біз жергілікті қазақстандық мамандармен жұмыс істеп, қолдау көрсетуге дайынбыз.

Чао Ган, Қытай Ұлттық ядролық корпорациясының вице-президенті:

Қазіргі уақытта Қытайда жұмыс істеп тұрған 57 атом электр станциясы бар. Тағы 47 станция салынып жатыр. Оның қоршаған ортаға еш зияны жоқ деп сенімді түрде айта аламын. Себебі Қытайда бірнеше онжылдықтар бойы түрлі сынақтар жүргізілді. Біз өз тарапымыздан Қазақстанға үнемді, сенімді АЭС-ті дамытуға көмек көрсеткіміз келеді.

Көрмеде әлемдік сарапшылар мен ғалымдар, мемлекеттік орган қызметкерлері мен бизнес өкілдері бірлесіп, Қазақстанның энергетика дамытудағы болашағын талқылады. Сондай-ақ қажетті мамандар даярлайтын ЖОО-дарының әлеуеті таныстырылды.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу