Абай облысында «Қозы көрпеш-Баян сұлу жастары» бағдарламасы іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында «Қозы көрпеш-Баян сұлу жастары» бағдарламасы іске қосылды

27.08.2024

Абай облысына қарасты халқының саны 80 мыңға жуықтайтын Аягөз өңірінде жастарға арналған «Қозы көрпеш-Баян сұлу жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Оның аясында кезекте тұрған жас отбасылар үйлі болды. Бұл – Аягөз ауданы әкімдігі мен «Отбасы банкінің» бірлескен жобасы. Оған аудандық бюджеттен 81 млн теңге қаржы бөлінген.

«Қозы Көрпеш-Баян сұлу жастары» тұрғын үй бағдарламасы Абай облысының Аягөз ауданында іске қосылды. Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі қатысушылар үміткер бола алады. Ал несиенің сыйақы мөлшерлемесі 5% болса жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 5,2%-дан 5,7%-ға дейін. Алғашқы жарнасы - 10%. Несиенің ең жоғары сомасы - 9 млн теңге. Тұрғын үйді алғашқы нарықтан сатып алуға болады.

Қанат Әділбай, Аягөз ауданының әкімі:

Президентіміздің де алдыға қойып отырған негізгі бағыты бұл жастарды қолдау. Қазір өкінішке орай, көптеген біздің жас мамандар әлі күнге дейін пәтерсіз жүр. Сондықтан да Президентіміздің Жолдауын басшылыққа ала отырып, біз осындай бағдарламаны әрі қарай да жалғастырсақ па деген ойдамыз.

Бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, БАҚ, әлеуметтік сала қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер қатыса алды. Солардың арасында қоныс тойын тойлаған жас отбасының бірі, 2 баланың анасы - Құралай Әнуарбекова да бар. Келіншек Отбасы банкінен депозит ашып, оны тапжылмай жинағанының арқасында баспанасының алғашқы жарнасын өтей алған.

Құралай Әнуарбекова, жас отбасы:

Осындай жастарға үлкен қолдау көрсеткеніне, осындай үлкен мүмкіндік бергеніне Аягөз әкімшілігіне алғысым шексіз. Осындай бағдарламалар көп болсын. Өйткені, бағдарламаларға мұқтаж жандар көп, жастар көп, көпбалалы отбасылар көп. 

Жыл басынан бері Абай облысының 500-ге жуық азаматы Отбасы банкінен депозит ашып, қаржы құрылымының клиенті атанған. Өңірдегі тағы 872 салымшы Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің арқасында биыл баспаналы болған.

Ғабит Ұзақбай


Хабарламаларға жазылу