Алматыда бір топ адам жекеменшік автосалонға көлігін сатып, ақшасын ала алмай жүр. «Bеаs.avto», «Anycar.kz» алып сату орталықтары 30-ға жуық адамды көлігіңізді тез арада, әрі айтылған бағасына сатып береміз деп алдап соққан. Олар алдымен темір тұлпарды иемденіп алады, ақшаны екі-үш күнде аударамыз деп сендіреді. Енді алданғандар көлігін қайтара ала ма? Көлік сатарда нені ескерген жөн?
Құдірет Хюндай Туксон көлігін сатпақшы болып жарнама берген. «Anycar.kz» компаниясының өкілдері қызығып хабарласқан. Темір тұлпарыңызды сатып алғысы келетін тұтынушы бар, деп кеңсеге шақыртқан. Келісімшарт жасап, 10 күн ішінде ақша аударамыз деп, қолхат та жазып берген. Алайда, Құдірет қазір не көлігін, не ақшасын қайтара алмай жүр.
Құдірет Дәулет, жәбірленуші:
Бұл жерде бір ғана адам емес, бірнеше адам істеген. Қазір іс қарастырылып жатқан жер РОП деген, өте кішкентай. Олардың шамасы жетпейді. Сол үшін біздің талабымыз бүкіл осыған қатысты адамдардың барлығы жазасын алса дейміз.
Алданғандар тек алматылықтар емес. Мәселен, Қымбат Қызылордадан келіп, көлігін «Bеаs.avto» компаниясына сатқан. Ақшасын даулап жүргеніне 10 ай өткен.
Қымбат Әбдімүтәліп, жәбірленуші:
Қаңтар айында сотқа беремін істі. Сот менің тарапыма шешім шығарып берді. Счеттарым бірақ, аресте деп айтады. Жеке сот орындаушылармен тексерсек, шоттары ашық.
Екі автосалонның орналасқан жері мен алаяқтық схемасы бірдей. Десе де, қазір «Anycar.kz» компаниясының басшысы күдікті ретінде танылып, қамауда отыр.
Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:
Сезікті ізін суытпай жатып ұсталып, қылмыстық іс жүргізуі Кодексінің 128 бабының талаптарына сай, уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Қазіргі таңда, осы іске қатысы бар тұлғалар анықталуда. Оларға да қатысты заңнама аясында шаралар қолданылатын болады.
Осы істің басы қасында жүрген заңгер Ғабит Өмірбек, іс әу баста аса ірі мөлшерде және ұйымдасқан қылмыстық топ ретінде тіркеліп, Қылмыстық істің 190 баптың 4 тармағына сәйкес жүргізілуі керек еді, дейді. Өйткені, келтірілген залал суммасы 200 млн теңгеден асады.
Ғабит Өмірбек, Заңгер:
Олар қылмысқа әбден дайындалған. Өйткені, әр жәбірленуішмен келісімшартқа отырған. Қылмыстық процестің 179 бабына сәйкес, егерде келісімшарт болғанына қарамастан, арыз жазылса, қылмыстық іс міндетті түрде тіркеледі деп тұр. Сондықтан да, заңгер ретінде жәбірленушіге, жалпы азаматтарға айтарым, көлікті ешқандай автосалонға, заңды, жеке тұлғаға ақшаны толыққанды алмай аудармаңыз.
Жекеменшік автосалондарға көлік бергендер ғана емес, олардан сатып алғандардың да қазір жағдайы мәз емес. 30-ға жуық азамат полицияға арызданған соң, іске қатысы бар бірнеше көлік айып тұрағына қойылды. Ал зардап шегушілер, істің аудандық бөлім деңгейінде емес, қалалық полиция департаментінде жіті қаралып, арнайы тергеу тобы құрылуын талап етіп отыр.
Айдана Қуантхан