Қызылордада көпқабатты төрт жаңа тұрғын үй ел игілігіне берілді. Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған баспаналар әлеуметтік осал топтағы 150 отбасыға берілді.
Жалғыз басты ана Гүлдана Майхиева бұл күнді 15 жыл күтті. Баспана тауқыметін көріп, пәтерден пәтерге көшіп келген мектеп мұғалімінің енді өз шаңырағы бар. Жаңа оқу маусымы алдында жаңа қонысқа көшкен ол күтпеген қуаныштан толқып тұрғанын жасырмайды.
Гүлдана Майхиева, жаңа пәтер иесі:
Көңілден шығып жатыр өте жайлы баспана деп ойлаймын. Халыққа жайлы баспана осылай жиі салына берсін, халықты қуанта берсін деген тілегім бар. Қанша жыл пәтерде тұрып келдім. Қуанышымда шек жоқ.
Гүлдана секілді 150 отбасы бір күнде баспаналы болды. Тұрғын үйлерді табыстау рәсіміне облыс әкімі мен Парламент депутаттары қатысып, көпшіліктің қуанышына ортақтасты. Жалпы аймақта бұл бағытта құрылыс қарқын алып келеді. Әсіресе жетім-жесір, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға мемлекеттік бағдарлама аясында айрықша қолдау бар.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
Өткен екі жылдың ішінде 4 мыңнан аса үй кезекте тұрған мұқтаж азаматтарға беріліп, 17 мыңнан астам тұрғындарымыз жаңа үйге кіріп, қоныс тойларын тойлады. Биылғы жылы да 2,5 мың пәтер салынуда.
Жыл басынан бері облыста 750 жанұя жаңа қонысқа ие болды. Көпқабатты тұрғын үйлерді салуға тағы 34 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Сондай-ақ Сырдарияның сол жағалауынан қаланың сәулетіне көрік беретін 12 қабатты зәулім үйлер де бой көтеріп жатыр.
Әділбек Серікұлы