Қарағанды облысында түйе шаруашылығын ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында түйе шаруашылығын ашылды

27.08.2024

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Қызылжар ауылының тұрғыны өңірде сирек кездесетін түйе шаруашылығын қолға алды. Әзірге еті мен сүтін саудаға шығарған.

Оқуын бітірген соң Қазыбек мамандық бойынша жұмыс істемеген. Керісінше ата-анасын ертіп, ауылға келген. Жеңілдетілген несие алып, ол қаражатқа Қызылорда облысынан 57 түйе сатып әкеліпті. Биыл бірқатары төлдеп үлгерді. Қазір онға жуық інгені бар.

Қазыбек Абатов, шаруа қожалығының басшысы: 

Негізі мақсат бізде сүтін сауып, шұбат өндіру. Осы жылға енді қазір 8 бас сауын түйем бар. Болашақта енді санын көбейтемін сауын түйенің. Екі өркешті інген түйелер де бар. Ет бағытында да сатамын.

Түйе сүті құнарлы, дәруменге толы, емдік қасиетке ие. Қазыбектің анасы Шәкибала Төребекова сол сүттен шұбат, құрт, ірімшік, қаймағын дайындап сатады. Алушылардың қарасы да көп екен.

Шәкибала Төребекова, Қызылжар ауылының тұрғыны: 

Көп алушылар, заказ беретіндер. Кейде жеткізе алмай қаламыз шұбатты. Күніне енді 5 литр өте аз болғанда сүті, ал үш мезгіл сауған кезде 10 литрге дейін аламыз бір түйе басынан.

Жаңа шаруашылыққа жақсы қолдау керек-ақ. Алайда фермер жайылым жер таба алмай, субсидия ала алмай отыр.

Арман Дардақов, Бұқар жырау ауданы әкімнің орынбасары:

Субсидия алу үшін 200-300 бастай аналығы болу керек. Содан соң сүтіне, басқа да ұйымдастырып жатқан жұмыстарына субсидия береді. Ол шаруашылықта жетпейді, өзі барлығы 90 бас қой. Оның ішінде аналығы 30-40 бастай ғана. Жер бойынша, басқа да көмектер мысалы, анау базаларын ремонттауға мемлекеттен көмек бар. Соларды қарастырып жатырмыз.

Жалпы Бұқар жырау ауданында ауыл шаруашылық саласы қарқынды дамып келеді. Қазір бұл төңіректе 800-ден астам шаруа қожалығы жұмыс істейді. 5 ірі құс фермасы, мал бордақылау алаңдары да бар.

Жандос Бақытұлы

Хабарламаларға жазылу