Атырауда 420 адам «Наурыз» бағдарламасы бойынша баспаналы болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда 420 адам «Наурыз» бағдарламасы бойынша баспаналы болады

26.08.2024

Атырауда «Наурыз» бағдарламасы арқылы 420 тұрғын «Наурыз» бағдарламасымен өтінімдерін тапсырып негізгі тізімге өтті. Мамыр айында басталған бағдарламаға үй алу үшін 1200 атыраулық өтініш берген. Жаңа ипотекалық бағдарламаға қатысушыларға арнап «Отбасы АНК» Атырау облыстық бөлімшесінде «Ашық есік күнін» ұйымдастырды. Оған 4 құрылыс компаниясы мен 200-ден астам «Наурыз»  бағдарламасымен өткен салымшылар қатысты.

«Наурыз» бағдарламасына қатысып, баспаналы болғандардың бірі – Арайлым Ізбасарова. 34 жастағы Атырау қаласының тұрғыны бұл бағдарлама аясында қаладағы тұрғын үйлердің бірінен 2 бөлмелі пәтер алған. Бастапқы жарнасыз әрі жылдық мөлшерлемесі 9 пайыз. Ол «Наурыз» бағдарламасының тиімді екенін айтып, «Отбасы банк» ұжымына алғысын білдірді.

Арайлым Ізбасарова, Атырау қаласының тұрғыны:

Біз осы «Наурыз» бағдарламасына құжат тапсырдық. «Наурыз» бағдарламасы ашылғаннан кейін, бағымызды сынап көрейік деп құжат тапсырдық. Қазақстан бойынша 38000 адамы тапсырған екен, соның 12 мыңы ғана іріктеуден өткен. Соның ішінде біз бес мыңшы болып тұрмыз. Солай өттік.

«Ашық есік күніне» 200-ден астам атыраулық қатысты. Дені «Наурыз» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген заем алуға банктен оң шешім алған клиенттер. Олар жергілікті құрылыс компаниялары ұсынып отырған тұрғын үйлермен танысып, көңілдерінен шыққан пәтерлерді таңдады.

Данияр Тайшекенов, «Отбасы банк» АҚ Атырау облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы:

Негізгі мақсатымыз «Наурыз» бағдарламасына өткен салымшыларымыздың барлығын шақырып, ыңғайлы болсын деп, қаланың үлкен-үлкен құрылыс компанияларын осы жерге жинадық. Мұндағы мақсат – біздің тұтынушыларымыз «Наурыз» бағдарламасына өткен, өз үйлерін бір жерге келіп таңдасын деген ниетпен жинап жатырмыз.

«Наурыз» бағдарламасына биыл мемлекеттен 300 млрд қаражат бөлінген. Бағдарлама сегіз жылға арналған. Осы уақыт аралығында еліміздің 68000 азаматты жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген. Айта кетейік, биыл «Наурыз» ипотекасына қатысуға өтініштер 1 мамырдан басталса, келесі жылдан бастап 1 наурызға белгіленеді, деп жоспарлануда.


Хабарламаларға жазылу