Америкалық ковбой көкпар тартуға машықтанып жүр. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалып жүрген Ник Уиллерт екі аптадан кейін жүлдегерлер қатарынан көрінуге үмітті.
Көзді жұмып тұрып, бұқаға шалма лақтыратын ковбой – көкпардан АҚШ құрама командасының мүшесі. 2018 жылы ол Қырғызстанда өткен көшпенділер ойындарында көкпардан сынға түскен. Кейінгі жылдары АҚШ-та көкпарға қызығушылық қарқын алып келеді. Бұл жолы америкалық спортшылар ат үстіндегі сайыстардың арасында аударыспақта да бақ сынамақшы.
Ник Уиллерт, көкпардан АҚШ құрамасының мүшесі:
Қазақстандағы көшпенділер ойындарына қатысудағы мақсатымыз - ат үстіндегі спорт түрлерін насихаттау. Көкпар да, аударыспақ та ерекше ойын түрлері деп білемін. Америка халқы көшпенділердің мәдениеті мен ат спортын, сондай-ақ өзге ойын түрлерін біз арқылы танып білсе деймін.
Байрақты бәсеке Астанада қыркүйектің 8-і мен 13-і аралығында өтеді. Сайыскерлер 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салады. Көкпардан іріктеу ойындары қыркүйектің 9-ы күні, ал финалдық кездесу 12 қыркүйек күні «Қазанат» ипподромында өтеді.
Қаракөз Тұрмағанбет