Президент Душанбеге мемлекеттік сапары аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Душанбеге мемлекеттік сапары аяқталды

25.08.2024

Тұрмағамбет тәржімалаған «Шаһнаманың» «Рүстем-Дастан» деп аталатын нұсқасы 70 мың таралыммен жарыққа 1960 жылы шықты. Қазақтың мықты шайырының мықты шығармасы сөйтіп жарық көрді-ау, әйтеуір.

Әйтеуір дейтініміз Сыр сүлейінің көрмегені жоқ- қуғын-сүргінге түсті. Өмірден 56 жасында өтті. Ал атақты Фирдоусидің атақты дастанын Тұрмағамбет атамыз он айда тәржімалаған. Бірден айтайық, аударма емес, құдды қазақ тілінде жазылған жыр-дастан. Кітаптың алғысөзін жазған М.Әуезов былай деп қорытқан:

«Сонымен Рүстемнің жайы туысқан тәжік әдебиетінің ұлы классигі Фирдоусидің «Шаһнамасынан» тікелей жасалған аударма демейміз, сол Фирдоуси үлгісімен халық ақыны Тұрмағамбеттің өзі өлең етіп жазған Рүстем жөніндегі дастанның қазақша варианты дейміз».

Тәжікстан дегенде бірінші ойға оралатыны Фирдоуси, Шахнаме һәм Тұрмағамбет.

Астананың Орталық Азия елдерімен өзара сосын бәрін жұмылдырып, әлемдік сахнада бір жұдырық болу әрекеті айқындала түскендей. Орталық Азия мемлекеттері бір-бірімен жақсы қарым-қатынас орнатып, ал үлкен саясат линиясында ортақ күшке айналмаса жеке-дара ұзаққа шаба алмайтынын білмейді емес, біледі.

Алайда түрлі себеп, көп фактордың әсерінен ынтымақтастықтың сипаты бутафорлық еді. Өзбекстан, Қырғыз республикасымен саяси-дипломатиялық зергерлікпен дейміз бе, ұғысқан өзара тиімді әрекеттер басталғанына бірнеше жыл. Тәжікстанмен де солай істеу шарт.

Қасым-Жомарт Тоқавтың Тәжікстанға мемлекеттік сапарына орай сюжеттің алғысөзі осындай. Сюжетті Душанбеге барған Оңғар Алпысбайұлы жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаевты Душанбе әуежайында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон салтанатты түрде қарсы алды. Бұл екі ел арасындағы достық пен сыйластықтың ең жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Одан соң ақ көңіл мен шынайылықтың символы ретінде балалар тілегін айтты.

Тәжікстанның ұлттық резиденциясы Қасри Миллат сарайында да қазақ басшысына ерекше құрмет көрсетілді. Екі елдің әнұрандары айтылып, зеңбіректен оқ атылды.

Президенттер делегация мүшелерін таныстырған соң шағын құрамдағы кездесу басталды. Эмомали Рахмон қазақ басшысына шақыртуын қабыл алғаны үшін ризашылығын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстанның көпжақты серіктестігінің берік негізі саналатын жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулерге баса мән беретінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ең алдымен, ежелгі тәжік жеріне табаным тиген сәттен бастап көрсеткен сый-құрметіңіз бен қонақжайлық көңіліңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынас барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Біз – сенімді одақтас елдерміз. Қазақстан тарапы Тәжікстанның қазақ халқына деген тілеулес ниетін жоғары бағалайды. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды.

Тура бір жыл бұрын тәжік басшысының Қазақстанға сапары кезінде электронды үкімет порталына қызығушылық танытқан. Толық зерттеп, өзге елдердегі жүйелермен де салыстырды. Бірнеше кездесу мен келіссөздер де өтті. Таразылай келе қазақ тәжірибесіне тоқтаған. Енді тәжік жерінде жұмыс істейтін жаңа жүйе президенттерге таныстырылды.

Айдос Жұмағұлов, Фридом Банк АҚ директорлар кеңесінің мүшесі:

Біз серпін беріп, көмектесеміз. Біздің ІТ мамандарымыз келіп осы жақта осы eGov платформаны енгізіп, тиімді жұмыс жасауы үшін. Екінші финтех компаниялар қазақстандықтар және тәжіктер сол ІТ хабқа келіп біздің нарыққа шыға алады. Біздің фин тех компаниялар Тәжікстан нарығына шыға алады.

Одан соң кеңейтілген құрамда келіссөз өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапар қазақ-тәжік қатынастарын жаңа деңгейге көтеретінін айтты. Өйткені осы жолы екі елдің серіктес ғана емес, одақтас екенін дәлелдейтін тарихи құжат қабылданды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Аталған тарихи құжат көкжиегімізді кеңейтіп, көпжақты байланыстарымызды одан әрі нығайтудың негізін қалайды. Одақтастық қатынастарды дамыту жолындағы бірлескен әрекетіміз тұтас Орталық Азия өңірінің орнықты дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, құрметті Эмомали Шарипович, қазақ-тәжік ықпалдастығын кеңейтуге елеулі үлес қосқаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін.

Тәжікстан Президенті де Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қою мемлекетаралық байланыстарға тың серпін беретінін айтты.

Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының Президенті:

Бұл халықтарымыздың түпкілікті мүддесіне сай келеді деп сенемін. Сіздің бүгінгі сапарыңыз аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Қазақстанның мәдениет күндері, қазақ киносының күндері өтеді. Екі елдің зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, әйелдер мен жастар, кәсіпкерлер бас қосады. Мұның бәрі қос мемлекет пен халықтың достығы берік, бір-біріне жақын екенін әрі ынтымақтастығымыз нығайып келе жатқанын көрсетеді.

Қазір Орталық Азия әлем үшін үлкен нарыққа айналып келеді. Оның бірнеше себебі бар. Әуелгісі жалпы халық саны 80 миллионнан асып жығылады. Яғни, осы аймақта өндіріс ашқандар үшін 80 млн тұтынушы бар. Тоғыз жолдың торабында тұрған Еуразия жүрегінен әлемнің кез келген нүктесінен тауар экспорттау да оңай. Жұмыс күші дамыған елдерге қарағанда арзан. Ең бастысы бұл аймақтағы халықтың орташа жасы небары 28. Бұл әлемдегі халқы өте жас өңірлердің бірі деген сөз. Сондықтан жаһанның алпауыт экономикалары мен ірі компаниялары қаржы құйып, кәсіп бастауға асық. Мұндай мүмкіндікті бірлесе пайдалану әрине, ұтымдырақ. Тәжік жұрты осы тұрғыда күш біріктіруге әзір.

Абдуғани Мамадазимов, Тәжік ұлттық университетінің доценті:

Сіздер көп векторлы саясат дегенді Орталық Азияда бірінші болып дамыта бастадыңыздар. Сіздердің тәжірибені таразылай келе біз де осындай шешім қабылдадық. Ал қазір әлемдік державалармен Орталық Азия елдері біріге отырып ынтымақтастық орната аламыз. Бұл жұмыстарға Қазақстан бастамашылық етіп, өз қолына алса, жұмылуға біз дайынбыз.

Соңғы уақытта Тәжікстанмен байланыс қарқын алып келеді. Өйткені алдыңғы кездесулер мен келіссөздер нәтиже бере бастаған. Олардың жүзеге асуы менің де үкіметтің де жіті бақылауында деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Соңғы бес жылда елдеріміз арасындағы тауар айналымы екі есе өсті. Осылайша біз 1 млрд доллар межесінен аса алдық. Бүгінгі келісімдер арқылы екеуара алыс-берістің көлемін 2 млрд долларға жеткіземіз деген жоспар бар. Менің ойымша, бұған елдеріміздің әлеуеті жетеді. Мәселен, Қазақстан Тәжікстанға жалпы құны 200 миллион доллар болатын 85 тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайын. Тәжікстан тарапы да Қазақстанға экспорт көлемін арттыру үшін айтарлықтай ресурсқа ие.

Қос елдің алыс берісіндегі ауқымды үлес ауыл шаруашылығына тиесілі.  Былтыр осы салада тауар айналымының көлемі 504 млн доллар болған. Биыл жарты жылда 246 млн долларға жетті. Қазақ кәсіпкерлері майлы, дәнді дақылдармен қатар ет және ет өнімдерін экспорттап отыр.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Жарты жылдың ішінде 1600 бас мал жібердік. Әрі қарай квотамен тағы да жалғастырамыз. Сондықтан бұларда сұраныс бар. Өздерін етпен Тәжікстан 58 пайыз қамтиды. Етті бізден аламыз деп отыр.

Қазақстан мен Тәжікстанның ұқсайтын мәселесі бар. Екі мемлекет те тіке мұхитқа шыға алмайды. Алайда тәжік таулары өзендерге бай. Мұздықтары да мол. Су ресурсынан энергия өндіріп тиімді пайдаланып отыр.

Риззат Тасым, саясаттанушы:

Бүгінгі таңда Арал бассейнінің 60 пайызы осы Тәжікстанның тауларында қалыптасады, Тәжікстанның мұздықтарында. Сондықтан да жалпы осы Тәжікстанның мұздықтарын сақтау, екіншісі көкөніс егу кезеңінде осы суды үнемді пайдалану, яғни ирригациялық бағыттарға да назар аударылады.

Қайнар көзі Тянь-Шань тауларындағы Нарын мен Қарадария өзендері қосылып, Ферғана алабында Сырдария бастауын алады. Сөйтіп Тәжікстан мен Өзбекстан арқылы бізге келеді. Сырдарияның сағасындағы шаруалар үшін өзеннің маңызы өте зор. Тәжікстан тіршілік нәрінің көп бөлігін бұрып алса біздің алқаптардың сусап қалатыны түсінікті. Дей тұрғанмен су бөлу келісімі биыл да сәтті аяқталғандай.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

Біз жылда Қазақстан,Тәжікстан, Өзбекстан үш жақты хаттамаға қол қоямыз. Сол хаттамаға сәйкес бізге вегитация кезінде Тәжікстан тарапынан қосымша су береді.  Мемлекет басшысы сол туралы биылғы жылы да осындай келісімге сәйкес атқарылған жұмыстарына рахметін айтты.

Сонымен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон екі ел арасындағы Одақтастық қатынастар туралы аса маңызды шартқа салтанатты түрде қол қойды.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Бүгін қол жеткізілген келісімдердің қорытындысын шығару үшін қос Президент қазір баспасөз қызметіне шығып отыр. Сондай-ақ терең талқыдан өткен келісімдерді құжатпен қаттау үшін арнайы меморандумдармен дәл қазір алмасып жатыр.

Президент келіссөз барысында Астана мен Душанбенің халықтарды бір-біріне жақындастыруға, қазақ-тәжік қатынасын нығайтуға ұмтылатынын тағы да растағанын жеткізді. Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевпен жүргізген келіссөздердің қорытындысына көңілі толатынын айтып, екі елдің ынтымақтастығын жоғары бағалады.

Сапар нәтижесінде тараптар құны 1 млрд доллардан асатын келісімшарттар жасасты.

Ресми шаралардан соң екі елдің басшылары Қазақстанның Тәжікстандағы мәдениет күндеріне арналған салтанатты концертті тамашалады. «Кохи Борбад» сарайында өткен гала-концертте екі елдің өнер майталмандары сахнаға шықты.

Ал мемлекеттік сапардың екінші күні қазақ басшысына ауыл шаруашылығы өнімдері мен ұлттық тағамдар көрмесі таныстырылды. Қазақ басшысына бұл көрмені аралатып, көрсетулері де тегін емес. Өйткені..

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Тәжік елі жылына 200 мың тоннадан астам жеміс-жидек пен көкөніс экспорттайды. Негізгі тұтынушылары Қазақстан. 70 пайыздан астам өнімін сатып алып отыр. Ал бізден керісінше, өздерінде жоқ дәнді дақылдар мен ет импорттайды. Осылайша ауыл шаруашылығы саласы бір-бірін толықтырып отыр. Ендігі мақсатымыз бірлескен кәсіпорындар ашу дейді жергілікті диқандар.

Қазір үкімет деңгейіндегі келісімдер бар. Енді кәсіпкерлердің кезегі келді.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Осылайша Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәжік жеріне мемлекеттік сапары жемісті аяқталды. Қазақ елінің Памир баурайында тілектес һәм одақтас елі бар екеніне тағы бір көзіміз жетті. Қасым-Жомарт Тоқаевты ізгі ниеті мен құрметін білдіре отырып, тәжік басшысы әуежайдан өзі шығарып салды.


Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу