Чичиков өлі жандарды не үшін сатып алып, олардың тізімін өз атына жазғызғанының себебін білеміз – пара беріп, пара алып өмір сүрген ол қылмысы әшкерленіп, бар жиғанынан айырылған соң, қайта «өрлеуі» үшін өз атындағы шаруаларды кепілдікке қойып, мемлекет қазынасынан қыруар ақша алмақ болады. Сөйтіп өлген адамдарды тірі қылып көрсетіп, өз атына жазғызады. Николай Гогольдің 1842 жылы жарық көрген «Өлі жандар» шығармасы әлі өзекті.
Былтыр ұсталған Талдықорған қалалық білім бөлімінің бас бухгалтері және оның сыбайластары – 21 адамға байланысты сот шешімі осы жазда, шілдеде шықты. Ол 2023 жылы көктемде 2,5 млрд теңгемен қашып бара жатқанында ұсталған-ды. Білім бөліміндегі 7, орта мектептердегі 14 әріптесімен бірігіп 3 жылда 4,5 млрд теңге бюджет қаражатын «жеген».
Гогольше айтқанда «өлі жандарға» төлеген және кей қызметкерлерге қызметтік айлықты өте жоғары қылып қойған. Ақшаны туысқандарының шоттарына аударып, жер учаскелері, баспаналар, автокөліктер, қымбат әшекей-бұйымдарын алған.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметіндегілер бюджеттік мекемелердегі ақша жеу фактілерін көптеп шығара бастады. Проблема әсіресе білім және денсаулық салаларында әбден ушыққан екен.
«Екен» деп қоямыз, «өлі жандарға» ақша төлегендерін білмесек те, мектепке еден жуушы болып орналасу үшін пара берілетінін білеміз. Мұғалім болып орналасу үшін де. Иә, ұсталып жатады. Алайда жаны Чичиков тектестер жоғалып кетпейді. Демек Чичиков сияқты болудан сескенетін система болуы керек. Екіншіден, Чичиковтер тек бас бухгалтерлер мен олардың сыбайластары ма? Данияр Қайыртайдың сараптамасы.
Данияр Қайыртай, тілші:
30 млн, 48 млн, 99 млн, 341 млн, 530 млн... 4,5 млрд теңгеге дейін барады. Мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлері осындай сомадағы қаражат жымқырғандары жөнінде ақпарат уақ-уақ тарап тұрады. Сонда ұсталатын да, сотталатын да негізінен сол есепшілердің өзі ғана. Ал ұйымның кіріс-шығысына түгел жауапты бірінші басшылар көбіне түрлі сылтаумен, алуан айламен сытылып кетеді.
Ләззат Бақтыбаева, заңгер:
Бізде басшылар қалай құтылады, «ЭЦҚ мен бухгалтерге беріп қойғанмын, мен ол туралы білген емеспін» деген сылтау болады. Дегенмен бізде Әкімшілік кодексте көзделген ЭЦҚ басқа тұлғаға беруге болмайды, ол бойынша да жауапкершіліктер бар.
Ержан Болатбек, заңгер:
Әрбір ақша төлемі бәрібір директор арқылы өтеді. Оның білмеуі мүмкін емес. Бұл жерде салғырттық болып отыр. Жарайды, ақшаны алғаны дәл демейік, бірақ салғырттық танытып тұр.
Бауыржан Мақұлбаев, Қазақстан заңгерлері одағының Алматы қаласындағы филиалының төрағасы:
Есепші неге сондай шешім қабылдады, ұрланған ақшаның түбі кімнің қолына түсті, қалай түсті – оған тергеу органдары көз жеткізбей отыр. Әрбір бірінші басшы оған қылмыстық қудалау тақалып жатқан кезде құқық қорғау органдарының лауазымдыларымен келісуге тырысады.
Ержан Болатбек, заңгер:
Бухгалтер ұсталған кезде ол басшы қалай қосылады? «Сен мені айтпа, мен саған көмектесем, адвокат жалдап берем, отбасыңа көмектесем» деп ұсыныс жасап, сол жерде бухгалтерлер өз басшысын айтпайды.
Риззат Тасым, ҚҚДИ Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының басшысы:
Көбінесе неліктен бір-ақ адам ұсталып жатады? Біздің заңнамада егер бір ғана адам кінәлі деп табылса, онда жаза мерзімі аздау, ал егер қылмыстық топ ретінде тіркелетін болса, онда әрине жазаның мөлшері өте жоғары. Сондықтан көбінесе ішінара келіссөздерге де барады, кінәлі тараптар.
Бар кінәні бір адам мойнына алып кететініне сандар да дәлел. Білім саласының өзінде былтырдан бері 86 бухгалтер сотталыпты. Ал істі болған басшылардың саны әлдеқайда аз. 13 балабақшаның, 17 мектептің директоры және 4 білім бөлімінің басшысы сотталған.
Данияр Қайыртай, тілші:
Сонымен бухгалтер қалай да жалғыз ұрламайтыны анық болды. Бірақ бухгалтерсіз жымқыру тағы мүмкін емес. Сонда сыбайластықтағы оның рөлі қандай?
Ләззат Бақтыбаева, заңгер:
Бухгалтерлер ұйымдастырушы да емес, тапсырма орындаушы да емес, олар – бірлесіп «жеуші» деп айтуға келетін шығар. Өйткені бухгалтер оның схемасын айтып отырса, басшы сол әрекеттің болуына рұқсат беретін тұлға деп есептеймін.
Бауыржан Мақұлбаев, Қазақстан заңгерлері одағы Алматы қаласы филиалының төрағасы:
Көпшілік директор осы қызметке таныстық немесе жемқорлық тәуекелдері бар жолдармен келген соң сол жолын ақтап, өз қаражатын қайтарып алғысы келеді. Сол жолда есепшіні өзіне тәуелді қылады. Мүлдем қаражатты солға жібермейтін, әділдік жолында жүрген, есебін дұрыс жасап жүрген есепші көп жұмыста тоқтамайды.
Қаражатты «жеудің» де түрлі тәсілі бар. Ең белгілі әдістің бірі мынау.
Нұрдәулет Сәмет, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басқарма басшысы:
Электронды қаржылық құжаттар дайындаған кезде теріс мәліметтер енгізеді. Мысалы, 200 мың емес, 2 млн деп қоюы мүмкін, 20 млн деп қоюы мүмкін. Осындай теріс мәліметтер қазынашылыққа барып, сол қазынашылық осы ақпараттарға сәйкес ақшаны аударып отырған. Бұл бір жолы.
- Қазынашылық көрмей ме оны?
- Қазынашылықтың бүгінгі таңда рөлі – тек операторлық жұмысты атқарады. Осыны біз анықтай отырып, Қаржы министрлігіне тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу туралы ұсыныс бердік.
Тағы бір схема жұртқа әбден танымал – жалақыны «өлі жандардың» атына, яғни құжат бойынша тіркелген, бірақ жұмыс істемейтін, ұжым танымайтын адамның банктағы шотына аудару.
Ержан Болатбек, заңгер:
Бірақ бұл ең бір қарапайым, дарақы түрі деуге болады. Өйткені бұны анықтау оңай. Бірақ қазір білім саласында осындай жолдың көбейіп кеткені бұл салада үлкен дағдарыс бар екенін көрсетеді.
Осыған ұқсас сәл күрделірек бір әдіс бар.
Нұрдәулет Сәмет, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басқарма басшысы:
Тағы бір жымқырудың жолы – қаржылық құжатта мектепте жұмыс жасап жатқан қызметкердің ЖСН ауыстырып, өзінің туысының ЖСН енгізіп қоюы мүмкін. Сәйкесінше банктік есепшот нөмірін де қосып қоюы мүмкін. Сол кезде бұл қаражат жұмыс істеп жүрген қызметкерге емес, туысына аударылуы мүмкін.
Жалақыға арналған бюджетті жымқырып алудың жолдары осы. Ал мекемеде арам ойлы бухгалтерлер мен директорларды азғыратын одан өзге де мақсатқа жұмсалатын бюджет болады.
Ержан Болатбек, заңгер:
Тендерлерден ақша өндіру. Мысалы, ремонт жұмыстарын қымбатырақ бағалайды. Жұмыс көлемін көбейтіп, өз адамымен келісіп, содан өзінің пайызын алу.
Бауыржан Мақұлбаев, Қазақстан заңгерлері одағының Алматы қаласындағы филиалының төрағасы:
Мысалы, осындағы №4 қалалық емханадан былтыр бір оқиға тапқанбыз. 10 бұрғы, 10 пышқы отаға қолданатын – 270 млн-ға алған. Біз енді интернеттен дәл сол үлгілерді қарап, бағасын зерттедік, сонда 80 млн-ға шықты. Сонда 200 млн үстінен қосылып отыр.
Данияр Қайыртай, тілші:
Ақшаны «жеу» схемаларын ұққандаймыз, кім мен кім сыбайласатыны да, ақыр соңында көбінесе кім және неге жалғыз айып арқалап кететіні де түсінікті болды. Ал осы жемқорлық схемасын неге «Антикорға» дейін ешкім байқамайды?
Ержан Болатбек, заңгер:
Ішкі аудит қалайша осыншама жылдар бойы миллиардтаған ақшаны көрмеген?! Үлкен сумма бәрібір көрінеді, аудитор болсын, білім басқармасынан адамдар айына бір рет болмаса да, жылына бір рет тексерсе соның өзі де жеткілікті еді.
Талант Қалиева, аудитор:
Бүкіл ұжымның бір жыл бойы жасаған жұмысын аудиторлар 2 айдың ішінде тексеріп шығуы керек. Ол мүмкін емес. Ол жерде де аудиттің сапасына байланысты, аудитордың дәрежесіне, тәжірибесіне байланысты. Көрінбей тұрған нәрсені көріп қоятындар болады, ал көрініп тұрғанды көрмей кететіндері болады.
Бауыржан Мақұлбаев, Қазақстан заңгерлері одағының алматы қаласындағы филиалының төрағасы:
Бір мектептің келесі жылға бюджетін қорғау үшін осы бөлменің жартысындай қағаз апару керек, қаржы басқармасына. Оны ешкім апарып, тексеріп жатқан жоқ. Және қосымша факультатив сабақтар қанша мөлшерде өткізілуі керек, қанша балаға беру керек – оны нақты ешкім соңғы теңгеге дейін көз жеткізіп, бекітіп отырған жоқ.
Ал жемқорлықты түбегейлі жоймасақ та, азайтудың жолы – ашықтық дейді белсенділер.
Риззат Тасым, ҚҚДИ Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының басшысы:
Кез келген бөлінетін қаражат ресми сайтта ашық жариялануы керек. Өкінішке орай, бүгінгі таңда бұны барлығын қызмет барысында қолданылатын құжат деп керек емес жерге іліп қойып, жасырып қалады.
Бауыржан Мақұлбаев, Қазақстан заңгерлері одағының Алматы қаласындағы филиалының төрағасы:
Мектеп қабырғасында ай сайын тұруы керек. Әрбір оқушы, оқытушы, жұмысшы сол қаражаттың қайда кеткенін біліп отырса, онда мектеп мүдірі, бухгалтер басшысы ештеңе істей алмайды.
Сосын, әрине, цифрландыру жүйесін реттеуді ұсынады мамандар. Әсіресе, құжаттарға фейс-айди арқылы қол қоюды енгізу керек дейді.
Нұрдәулет Сәмет, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басқарма басшысы:
Цифрлық кемшіліктерді жою, керекті базалардың бір-бірінің арасындағы интеграциясын жүргізу, әсіресе бюджет қаражатын жоспарлау кезінде осы бүкіл бизнес-процестерді онлайн форматқа ауыстыру мәселесін ұсындық. Қазір құзырлы органдармен бұл бағытта жұмыс атқарылуда.
Бюджеттік мекемелердегі бухгалтерлердің еңбекақысын көтеру де маңызды. Қазір олардың айлығы орта есеппен 120 мың теңге екен. Сонымен бірге маманның бір мекемеде ұзақ отырып қалғаны да қауіпті дейді заңгер.
Ләззат Бақтыбаева, заңгер:
Біз есепшілердің бір орындағы ұзақ жылдар отыруы мәселесін, яғни ротациялау мәселесіне де үлкен зейін қоюымыз керек.
Әйткенмен жемқордың өзі баланың білімінен, азаматтардың денсаулығынан, қарияның күтімінен, елдің қорғанысынан, спортшының намысынан ақша жеп отырғанын түйсінбейінше жаза да, талап та, күрес те күшейгені аздық ететінін мойындайтындай болдық ендігі...
Данияр Қайыртай