Ертең – Кеншілер күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертең – Кеншілер күні

24.08.2024

Еліміздегі электр қуатының 70 пайызы көмір арқылы өндіріледі. Барланған көмір қорының біраз бөлігі Павлодар, Қарағанды облыстарына тиесілі. Мысалы, Қарағанды облысындағы 8 шахтада биыл 6 млн тоннадан астам көмір өндірілмек. Осы орайда, кенді өлкедегі 14 мыңнан аса шахтердің еңбегі орасан. Шахтер күні қарсаңында әріптесім Жандос Бақытұлы өңірдегі Күзембаев кен орнына барып, құрыш білек кеншілермен тілдесті.

Нұргелді Қылышбаев кеншілер отбасында дүниеге келген. Қос ағасы, тіпті әпкесі де осы шахтада еңбек етіп, алды зейнетке шыққан. Жеті қат жер астына түсіп, тас қопарып, кен өндірген білікті маман өмірін өндіріспен байланыстырады. Ал қолы қалт еткен кезде әріптестеріне қазақ тілінен сабақ береді.

Нұргелді Қылышбаев, кенші:

Клетпен түсеміз. Клетпен түскенде жер асты қысымы 600 метр тереңдікте өзгеше болады. Шахта ауыр жұмыс болғандықтан осылай тап таза болып түсеміз. Шыққанда міне осылай қап қара шаң болып шығамыз. Жұмыс ауыр, шаң, ауасы да басқаша.

Күзембаев атындағы шахта - өңірдегі алдынғы қатардағы кен орындарының бірі. Биыл мұндағы шахтерлар 1 100 000 мың тонна көмір өндіруді көздеп отыр. Тынымсыз еңбек пен табандылықтың арқасында жұмыстың 70 пайызға орындалып та қойған. Бірақ қауіпсіздік, нәтижеден де маңызды дейді олар.

Жандос Бақытұлы, тілші:

Бұл кеншілердің маңдайшамдарын қуаттайтын арнайы орын. Мынандай құрылғыларда шамдардан бөлек, бейне бақылау камералары және кеншілердің қай жерде жүргенін анықтайтын арнайы құрылға орнатылған. Мына диспечерлік талдау орталықтарында мамандар бақылап отырады. Одан бөлек оттегі деңгейі мен метан консентрациясын өлшеу жұмыстары да бар.

Алексей Костливцев, көмір департаменті автоматтандыру бөлімінің аға механигі:

Бұл жерде шахталарда орнатылған автоматтандырылған жүйенің толықтай нәтижелерін көруге болады. Мұндай талдау орталығы бізге барлық шахта мен кеншілердің жағдайын толық бақылауға мүмкіндік береді. Қауіпсіздікті арттырады.

Биыл өңірдегі 8 шахтада 6 млн тонна көмір өндірілсе, келер жылы бұл көрсеткіш 9 млнға дейін жетпек. Жылдан жылға көмір өндірісінің көлемі артпаса кеміген жоқ. Өз кәсібіне адал жандар жанкешті еңбектерінің арқасында ел экономикасын еселеп қана қоймай, әр шаңыраққа жылу сыйлап келеді.


Жандос Бақытұлы

Хабарламаларға жазылу