Әлем бойынша бірнеше ел тасқыннан, дауылдан және өрттен зардап шекті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем бойынша бірнеше ел тасқыннан, дауылдан және өрттен зардап шекті

24.08.2024

Соңғы тәулікте әлемнің бірнеше елі түрлі табиғи апаттардан зардап шекті. Алапат тасқындар мен лай көшкіндерінен Оңтүстік Азияда ондаған адам қаза тапты. Миллиондаған тұрғын су басқан аудандарда қалып қойған. Ал Британияда сұрапыл дауыл соқса, Бразилияда орман және егістік алқаптары өртеніп жатыр. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Бангладештің шығысында төпелеп жауған муссон жаңбыры алапат тасқынға ұласты. Бүгін түскен мәліметке қарағанда, кемінде 15 адам қаза тапқан. Сонымен қатар, 3 миллиондай тұрғын су басқан аудандарда қалып қойды.Ең қатты зардап шеккен Фени қаласының халқы жан сақтау үшін қайықтарға мініп, бас сауғалап жатыр. Құтқарушылар болса, кейбір ауылдарға жете алар емес. Ол елді мекендерде мыңдаған адам көмек күтіп отыр. Жергілікті тұрғындардың бірі айтқандай, бұл апатқа Үндістанның Трипура штатында су бөгетінің ашылып кетуі себепші. Алайда, ресми Дели бұл мәліметті растамай отыр.

Үндістанның өзіндегі жағдай да мәз емес. Бұл мемлекеттің солтүстік-шығысында су тасып қана қоймай, таудан лай көшті. Одан 23 адам жан тәсілім етіп, 65 мыңы үйлерін тастап кеткен. Тасқыннан зардап шеккендердің саны 1,7 миллионға жетіп, халыққа көмекке федералдық үкіметтен 4,8 миллион доллар бөлінетіні жарияланып отыр.

Британияның Манчестер қаласында «Лилиан» дауылынан ағаштар құлап, қоғамдық көлік тұралаған. Ол Англияға, Шотландияға, Уэлске сағатына 75 шақырым жылдамдықпен соққы берген екен. Қазір сұрапыл желден зақымданған нысандар қалпына келтіріліп жатыр.

Еуропадан Латын Америкасына ойыссақ. Бұл – Бразилияның Сан-Паулу аймағы. Мұнда орман және егістік алқаптары өртеніп жатыр. Қан қызылшасы плантациясында басталған өрттің өршуіне ұйытқыған жел мен аптап ыстық себепші. Қазір тілсіз жаудан бірнеше қалашыққа қауіп төніп тұр. Сонымен айналаны түтін басқандықтан, жол көрінбей, көлік қатынасы тежеліп отыр.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу