Нотариус қызметін онлайн алуға болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нотариус қызметін онлайн алуға болады

23.08.2024

Онлайн нотариус. Нотариустың қызметіне қашықтан жүгінуге болады. Ол үшін интернеті бар ұялы телефон болса жеткілікті. Яғни маманға барып, уақытыңызды жоғалтпайсыз. Қалаған уақытта бейнебайланысқа шығып, қажетті қызметіңізді аласыз. Сонымен нотариус онлайн қандай қызметтерді ұсынады? 

Самал Қабышева, тілші:

Нотариустың қызметін онлайн алу үшін телефонға «eGov mobile» қосымшасын жүктеу қажет. Тіркелесіз. «Қызметтер» бөлігін таңдайсыз. Ол жерде «eNotary» батырмасын таңдау қажет. Осыдан кейін «Іс-әрекет түрі» түймешесін басасыз. 4 қызмет түрі шығады. «Сенімхат, келісім беру, некенің жоқтығы туралы мәлімдеме және нотариустың кеңесі». Осы 4 қызметті онлайн алуға болады. Мысалы сізге «сенімхат» қажет. Балаңыз ауылда демалып жатыр делік. Ата-анаңыз оны қалаға жеткізуі керек. Сіз ата-анаңызға «сенімхат» жазып беруіңіз тиіс. Себебі баланың қасында ата-анасы болмаған жағдайда тек «сенімхат» арқылы алып жүруге рұқсат. Осы «сенімхатты онлайн» аласыз. Яғни нотариустың кеңсесіне бармайсыз. Ол үшін бірінші, «сенімхат» деген қызмет түрін таңдайсыз. Екінші, ұялы телефоныңызды көрсетесіз. Үшінші, сенімхатты кімге бересіз, сол адамның жеке сәйкестендіру номерін жазасыз. Келісім беріп, қызметке тапсырыс беру батырмасын басасыз. Бірден нотариуспен онлайн бейнебайланысқа шығасыз. Қажетті деректер толтырылғаннан кейін нотариус сізге «сенімхатты» онлайн форматта жібереді. «Нотариаттық әрекеттер» бөлімінде өтінімнің мәртебесін көре аласыз. Онлайн форматтағы «сенімхат» барлық жерге жарамды. Қызмет құны 4061 теңге. Оны да банк қосымшасы арқылы онлайн төлейсіз. Ал келесі «келісім» қызметі осындай жолмен беріледі.

Айдана Молдақаирова, нотариус қызметкері:

Келісу деген мысалы, жұбайыңыз үй сатып алғанда міндетті түрде келісім беруі керек. Әйелдер болады, кішкентай баласымен үйден шыға алмайды. Сондықтан Egov арқылы келісім береді. Жұбайыңыз келісімін жасайды. Бұл қызметтер тек Қазақстан аумағында ғана әрекет етіледі.

Самал Қабышева, тілші:

Ескертетін жайт, «Сенімхат, келісім беру, некенің жоқтығы туралы мәлімдеме және нотариустың кеңесі». Осы 4 қызметті ғана онлайн алуға болады. Ал сату, сатып алуға қатысты нотариустық қызметтер онлайн жүргізілмейді.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу