Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға мемлекеттік сапармен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға мемлекеттік сапармен барды

22.08.2024

Қазақстанның электронды үкімет порталы Тәжікстанға экспортталды. Яғни Egov жүйесінің игілігін енді Тәжікстан азаматтары да көреді. Мұндай келісімге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәжік еліне жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілді. Екі елдің арасында бұдан өзге де бірнеше маңызды келісімдер жасалды.

Қасым-Жомарт Тоқаевты Тәжікстанның ұлттық сарайында Эмомали Рахмон салтанатты түрде қарсы алды. Екі елдің әнұрандары ойналып, Мемлекет басшысының құрметіне зеңбіректен оқ атылды.

Президенттер делегация мүшелерін таныстырған соң шағын құрамдағы кездесу басталды. Эмомали Рахмон қазақ басшысына құрмет көрсетіп, шақыртуын қабыл алғанына ризашылығын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстанның көпжақты серіктестігінің берік негізі саналатын жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулерге баса мән беретінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ең алдымен, ежелгі тәжік жеріне табаным тиген сәттен бастап көрсеткен сый-құрметіңіз бен қонақжайлық көңіліңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынас барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Біз – сенімді одақтас елдерміз. Қазақстан тарапы Тәжікстанның қазақ халқына деген тілеулес ниетін жоғары бағалайды. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды.

Қазақстанның цифрлық технологиясына Тәжікстан қызығушылық танытып отыр

Одан соң Президенттерге электронды үкімет жүйесінің ерекшеліктері мен мүмкіндіктері таныстырылды. Тәжік үкіметі Egov жүйесіне қызығушылық танытқалы біраз уақыт болған. Толық зерттеп, өзге елдердегі жүйелермен де салыстырған. Таразылай келе қазақ тәжірибесінің өзгелерден көш ілгері екеніне көздері жетіпті.

Айдос Жұмағұлов, Фридом банк АҚ директорлар кеңесінің мүшесі:

Біз серпін беріп, көмектесеміз. Біздің ІТ мамандарымыз келіп осы жақта осы Egov платформаны енгізіп, тиімді жұмыс жасауы үшін. Екінші финтех компаниялар қазақстандықтар және тәжіктер сол ІТ хабқа келіп біздің нарыққа шыға алады. Біздің фин тех компаниялар Тәжікстан нарығына шыға алады.

Екі ел арасындағы ынтымақ жаңа белеске көтеріледі

Одан соң лидерлер мен ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапар қазақ-тәжік қатынастарын жаңа деңгейге көтеруді көздейтінін ескере келе Одақтастық туралы шарттың айырықша маңызына назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Аталған тарихи құжат көкжиегімізді кеңейтіп, көпжақты байланыстарымызды одан әрі нығайтудың негізін қалайды. Одақтастық қатынастарды дамыту жолындағы бірлескен әрекетіміз тұтас Орталық Азия өңірінің орнықты дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, құрметті Эмомали Шарипович, қазақ-тәжік ықпалдастығын кеңейтуге елеулі үлес қосқаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Сіздің еліңізде жүргізіліп жатқан экономикалық реформаларды ерекше ықыласпен бақылаймыз, жетістіктеріңізге куә болып отырмыз. Достас әрі одақтас ел ретінде бұған шын ниетімізбен қуанамыз.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Қазақстан мен Тәжікстан арасында 2015 жылы серіктестік деңгейіндегы келісім бекіген еді. Енді екі елдің достығы жаңа сатыға көтеріледі. Біз бұдан былай жай ғана серіктес емес одақтас республикаларға айналдық. Бұл барлық саладағы байланысты кедергісіз тереңдетуге мүмкіндік береді.

Сауда-саттықты 2 млрд долларға жеткізу межесі қойылды

Қазірдің өзінде бауырлас елмен байланыс қарыштап дамып келеді. Өйткені алдыңғы кездесулер дәйекті түрде жүзеге асып жатыр және бұл менің де Үкіметтің де жіті бақылауында, - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өткен айда Премьер-министрлердің орынбасарлары деңгейінде Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға қатысушылар екіжақты ықпалдастық тетіктерін егжей-тегжейлі талқылады. Соңғы бес жылда елдерміз арасындағы тауар айналымы екі есе өсті. Осылайша біз 1 млрд доллар межесінен аса алдық. Бүгінгі келісімдер арқылы екеуара алыс-берістің көлемін 2 млрд долларға жеткіземіз деген жоспар бар. Мақсатымыз – өзара сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға жеткізу. Менің ойымша, бұған елдеріміздің әлеуеті жетеді.

Тәжікстан Президенті Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қою ұзақмерзімді перспективада мемлекетаралық байланыстарға тың серпін беретінін айтты.

Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының Президенті:

Бұл халықтарымыздың түпкілікті мүддесіне сай келеді деп сенемін. Сіздің бүгінгі сапарыңыз аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Қазақстанның мәдениет күндері, қазақ киносының күндері өтеді. Екі елдің зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, әйелдер мен жастар, кәсіпкерлер бас қосады. Мұның бәрі қос мемлекет пен халықтың достығы берік, бір-біріне жақын екенін әрі ынтымақтастығымыз нығайып келе жатқанын көрсетеді.

Кездесуде агроөнеркәсіп, су-энергетика, көлік-транзит салаларындағы екіжақты ынтымақты одан әрі нығайтудың негізгі басымдықтары мен міндеттері айқындалды. Қос елдің алыс-берісіндегі ауқымды үлес ауыл шаруашылығына тиесілі. Былтыр ауыл шаруашылығы саласында ғана тауар айналымының көлемі 504 млн доллар болған. Биыл алты айда ол 246 млн долларға жетті. Өсім 12 пайыз. Оның ішінде экспорт 22 пайызға артқан.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Бұл жерде дәнді дақылдар, азық дақылдары, майлы дақылдарды осы жаққа экспортқа жіберіп жатырмыз. Оның ішінде бөлек алатын болсақ тірі малды да жіберіп жатырмыз. Жарты жылдың ішінде 1600 бас мал жібердік. Ары қарай квотамен тағы да жалғастырамыз. Сондықтан бұларда сұраныс бар. Өздерін етпен Тәжікстан 58 пайыз қамтиды. Етті бізден аламыз деп отыр.

Екі ел президенті Одақтастық қатынас туралы келісімге қол қойды

Бүгінгі қол жеткізілген келісімдердің барлығы құжатпен бекітілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шартқа салтанатты түрде қол қойды. Бұдан бөлек мемлекеттік сапар аясында бірқатар маңызды құжатқа бекіді.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Осылайша Қазақстан мен Тәжікстан арасында бүгін 16 келісім жасалды. Енді біз ауыл шаруашылығы, цифрлық даму, энергетика, өнеркәсіп, мәдениет және басқа да салалардағы байланыстың көкжиегін кедергісіз кеңейте аламыз. Сондай-ақ бұл уағдаластықтардың мүмкінді мен нәтижесін екі елдің кәсіпкерлері мен қарапайым азаматтары да сезінеді. Президент сапары ертең де жалғасады. Алда бірнеше кездесу мен мәдени шараларға қатысу жоспарланған.

Қазақстан мен Тәжікстан президенттері бірлескен мәлімдеме жасады

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон екіжақты келіссөздер аяқталғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап бірлескен мәлімдеме жасады. Президент келіссөз барысында қос тарап бауырлас халықтарды бір-біріне жақындастыруға, қазақ-тәжік қатынасын жан-жақты нығайтуға ұмтылатынын тағы да растағанын жеткізді. Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевпен жүргізген келіссөздердің қорытындысына көңілі толатынын жеткізіп, екі елдің ынтымақтастығын жоғары бағалады.

Президенттер Қазақстанның Тәжікстандағы мәдениет күндеріне арналған концертті тамашалады

Одан соң екі елдің басшылары Қазақстанның Тәжікстандағы мәдениет күндеріне арналған салтанатты концертті тамашалады. «Кохи Борбад» сарайында өткен гала-концертте Қазақстан мен Тәжікстанның өнер майталмандары, соның ішінде «Astana ballet» балет труппасы мен симфониялық оркестрі, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының хоры, «Hassak» фольклорлы-этнографиялық тобы және тағы да басқа шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Бауырлас тәжік халқы Димаш Құдайберген, Айгүл Үлкенбаева, Темірлан Бейсембай, «El Voice» тобы, Фарух Тохтамуратов сияқты мәдениет қайраткерлерінің өнерін тамашалады.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу