«Таза Қазақстан» шарасы аясында Оңтүстік Қазақстанда тазалық жұмыстары жүргізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таза Қазақстан» шарасы аясында Оңтүстік Қазақстанда тазалық жұмыстары жүргізілді

22.08.2024

«Таза Қазақстан» шарасы аясында бүгін Шымкентте өзендер және «Отбасы» аллеясы мен бірнеше орталық көшелердің бойында тазалық жұмыстары жүргізілді. Қошқар ата өзенінің бойындағы жаяужолдар, ойын және спорт алаңшалары тазаланды. Жағалаудағы серуендеу алаңдары ретке келтірілді. Сондай-ақ акция кезінде «Шымсити», «Бадам», «Жайлау», «Тұран» және «Қайтпас» шағын ауданының аумағында да жұртшылық жұмылып, төңіректі тазартты.

Әйкерім Лесбек, Шымкент қаласының тұрғыны:

Тазалық әр адамның өзіне керек. Қоршаған ортаның, қаланың тазалығын алдымен өзімізден бастау керек. Сол үшін жастарға айтарым, ауасын жұтамыз бұл жердің, балаларымыз, іні-сіңлілеріміз ойнайтын болғандықтан қаламызды таза ұстауымыз керек.

Ал «Таза бейсенбі» акциясы аясында «Аманат» партиясының мүшелері үлкен магистарльді канал бойын тазалады. «Жастар қанатымен» және еріктілермен бірлесіп, 50-ге тарта адам су айдынының жағасындағы шөптерді орып, арнаны қоқыстардан арылтты. Жол шетіндегі ағаштар мен көгалдарды суарды. Төңіректен шыққан бірнеше тонна қоқыс арнайы көліктерге тиеліп, полигонға жөнелтілді. «Таза бейсенбі» шаһарда тұрақты түрде өткізіліп келеді. Акцияға қатысушылар мегаполистің ажарлана түсуіне әрбір азаматтың үлес қосқаны маңызды дейді.

Қайрат Имашев, «Amanat» партиясы Қаратау аудандық филиалының төрағасы:

Бұл жерде біз бір жағынан қаламызды таза ұстаймыз, екінші жағынан «Таза Қазақстан» акциясының астарында рухани тазаруға алып келеді. Жастарымызды тазалыққа тәрбиелеу – мақсатымыз. Өзіміздің қаламызды таза ұстасақ, не деген керемет!


Ғани Қалмахан

Хабарламаларға жазылу