«Қарлығаш» деректі фильмі Үндістанда үздік атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қарлығаш» деректі фильмі Үндістанда үздік атанды

22.08.2024

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының қолдауымен түсірілген «Қарлығаш» деректі фильмі Үндістанда өткен халықаралық кинофестивалінде «Ең үздік музыкалық деректі фильм» жүлдесін жеңіп алды. Сайысқа 150-ден аса елдің киногерлері қатысқан.

Музыкалық фильмде «Айгүл» ансамблінің әншісі, 40 жылға жуық «Қазақстан» телеарнасында қызмет еткен Қарлығаш Мұртазинаның өмір жолы баяндалады. Туындыда кейіпкердің өмірі арқылы халықтың тарихы, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы мен Семей полигонының зардабы сөз болады. Фильмнің дайындалуына 2,5 жыл уақыт кеткен. Туындыны канадалық режиссер Марина Десяткина мен оператор Валерий Дегтярев таспалаған. Шығармашылық топ кейіпкер образын ашу үшін Абайдың, Шәкәрімнің шығармаларын оқып, Көкбайды зерттеген. Қазақстан тарихын зерделегенін айтады.

Марина Десяткина, «Қарлығаш» деректі фильмінің режиссері:

Біз бұл жаңалықты үлкен қуанышпен қабылдадық. Әділқазылар алқасының «Қарлығаштың» талантын бағалағанына сенімдімін. Бір адамның басындағы осындай тағдырды дұрыс жеткізе алғанымызға қуанамын. Бұл үлкен жеңіс! Жақында Санкт-Петербург қаласында өтетін «Лендок» кинофестивалінде де бақ сынауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ деректі фильм Ресей кинотеатрларынан да көрсетіледі.

Қарлығаш Мұртазина, қазақ телевизиясының ардагері:

Қаншама фильмнің ішінде жүлде алу деген, әрине, жетістік. Жеңіс деп ойлаймын. Бұл фильм «Қазақстан» телеарнасының және менің достарымның керемет еңбегі. Бұл фильмде ешқандай қойылымдық кадрлер болған жоқ.


Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу