Ал көмірдің негізсіз қымбаттағаны анықталды. Қаржы мониторинг агенттігі ішкі нарыққа отын жеткізетін үш ірі көмір өндіруші кәсіпорынға талдау жүргізді. Қатты отын негізгі бағадан бірнеше есе көтерілгені белгілі болды. Бұл туралы Қаржы мониторингі ұйымдастырған ведомствоаралық кеңесте айтылды. Отырыста жылыту маусымы қарсаңында көмірдің қымбаттауы мен оның жетіспеушілігіне бағытталған бірнеше мәселе талқыланды. Қазір агенттік Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, салық төлеуден жалтару үшін шығындарды жасанды көбейтіп көрсететін кәсіпорындарды тексеріп жатыр. Одан бөлек жиында мемлекеттік мекемелердің көмірді жоғары бағамен сатып алу мәселесі де көтерілді. Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Дмитрий Малахов жыл сайын жылыту маусымы кезінде отынның қымбаттауы және тапшылығы байқалатынын атап өтті.
Дмитрий Малахов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы:
Солтүстік Қазақстан облысынан бізге шағым түсті. Олар Шұбаркөл көмірінің қымбаттағанын айтып жатыр. Талдау жасап Үкіметке ұсыныстар жібердік. Нәтижелер көрсеткендей, қатты отын нарығында делдалдармен түрлі схемалар жалғасып жатыр. Бұл соңғы тұтынушының қалтасына салмақ түсіріп, көмірдің негізсіз қымбаттауына әкеліп соғады. Отырыста айтылған мәселелерді егжей-тегжейлі ескеріп, бірлесіп шешуіміз керек.
Марат Омаров, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:
Көмір нарығында жұмыс істеуге арналған ведомствоаралық картаға қол қойылды. Монополияға қарсы орган Қаржы мониторинг агенттігі және Қаржы министрлігімен бірлесіп, делдалдарды жоюға, халық үшін шығындарды азайтуға, сондай-ақ бірқатар жүйелі шараларды жүзеге асыруға дайын.