Түркістан облысында республика жастарының саяси лагері жұмысын бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында республика жастарының саяси лагері жұмысын бастады

21.08.2024

«Amanat» партиясындағы жобалар мен бастамаларды іске асыруға жастар да жұмылуы керек. Ол үшін заманауи дағдыларды игеруге қабілетті әрі белсенді және талантты жастарды біріктіру арқылы Жастар қанатының қатарына тартады. Маңызды бастамалар бүгін партия жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанатының жыл сайынғы өтетін республикалық жастар саяси лагерінде талқыланды.

Бүгін Түркістан облысындағы «Тау самалы» демалыс аймағында «Amanat» партиясының жыл сайынғы республикалық жастар саяси лагері жұмысын бастады. Партия жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанатының ұйымдастыруымен өтіп жатқан кең ауқымды шараға республикалық мәртебесі бар 3 қала мен 17 өңірден 300-ден астам делегаттар келді. Олар саяси лагерьдің ашылу салтанатына қатысып, өзара танысуға мүмкіндік алды.

Ақерке Искандерова, «Amanat» партиясы «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы: 

Ең басты мақсаты – «Жастар рухының» қатарында 125 мыңнан астам жас бар, солардың үздіктерін жылда жинап, осы жерде бір-бірімен таныстырып, оқыту. Жастар өздерінің потенциалдарын ашып, түрлі оқытулардан өтіп, бір-бірімен нетворкинг орнатып, әрі қарай бірге жұмыс жасайды.

Тимбилдинг түрінде өткен басқосуда жастар топтарға бөлініп, түрлі пікірталастар өткізді. Саяси лагерьдің жұмысы барысында жастар үшін жеке және кәсіби қасиеттерін дамытуға арналған түрлі бағыттағы тренингтер мен тимбилдингтер жән «Bir tolqynda» диалог алаңы ұйымдастырылды.

Алмат Есенбеков, Республикалық жастар саяси лагерінің қатысушысы: 

Бүгінгі лагерь осында жиналған жастарға көптеген дүние береді деген сенімдеміз. Себебі елімізге белгілі мықты спикерлер, жан-жақты түрлі салада жүрген білікті мамандар біздерге өздерінің білгендерін бойымызға сіңіріп, біздің әрі қарай тұлға ретінде қалыптасуымызға өзінің септігін тигізетін көптеген дүние үйрететін болады.

Сондай-ақ алдағы үш күнде жастарды толғандыратын түрлі тақырыптар шеңберінде пікір алмасулар өтетін болады. QUIZ ойындары барысында жастар түрлі байқауларға, қызықты интеллектуалды-сауық кешіне қатысады. Әр өңірден келіп, бас қосқан жастардың сауық кеші аймақтардың концерттік нөмірлерімен жалғасын таппақ. Айта кетейік, саяси лагерь 24 тамызға дейін жалғасатын болады.


Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу