Мемлекет басшысы бүгін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысымен танысты. Дүбірлі дода жарыстары өтетін нысандарды аралап көрді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы бірқатар жаңа мектептің жай-күйін көрді.
Мемлекет басшысы алдымен «Астана Арена» стадионын аралады. Жыл бойы жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Қазір стадионда абаттандыру жұмыстары аяқталып, жабдықтары толықтай жаңартылған.
Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде орналасқан Аккредиттеу орталығының жұмысымен танысты. Мемлекет басшысы байрақты бәсекеде бақ сынайтын ұлттық құраманың киім үлгісімен танысты. Халықаралық іс-шараға тартылған еріктілермен әңгімелесті. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Ұлттық құраманың әзірлігі жөнінде баяндады. Осы уақытқа дейін халықаралық және республикалық деңгейде 42 оқу-жаттығу жиыны өткен. Спортшыларымыз 7 халықаралық және 25 республикалық турнирге қатысқан.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы ат спортынан жарыстар өтетін «Қазанат» ипподромын аралап көрді. Мұнда Президент жамбы ату және теңге ілу сайыстары үшін арнайы жасақталған алаңның жай-күйімен танысты.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа білім ошақтарына барды. Астанадағы №103 мектепке барып, заманауи құрылғылармен жабдықталған оқу кабинеттерін аралап көрді. Білім ордасына толықтай бейнебақылау жүйесі орнатылған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары жеке-жеке блоктарда білім алады, ерекше қажеттіліктері бар балаларға керек жағдайда бар. Қазір мектептің ішкі әрлеу жұмыстары аяқталып қалды. Сонымен қатар жиһаздар мен құрал-жабдықтар орнатылып, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев №101 мектептің де жай-күйімен танысты. Білім ордасында жаңа оқу жылынан бастап 4 мың оқушы екі ауысыммен оқитын болады. Балалар жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша білім алады. Мемлекет басшысы жайлы мектепте оқушылардың шығармашылық дағдыларын дамытып, цифрлық технологияларды зерттеп, жасанды интеллектіні қолдана алатынына көз жеткізді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 24 оқу ошағы салынып жатыр.
Қаракөз Тұрмағанбет