Президент V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысымен танысты

20.08.2024

Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысымен танысты. Алдымен «Астана арена» стадионын аралады. Мұнда халықаралық спорттық-мәдени іс-шараның ашылу рәсімі өтеді. Отыз мың көрермен еркін сыятын стадионға жыл бойы күрделі жөндеу жүргізілді. Қазір онда абаттандыру жұмыстары аяқталып, жабдықтары толықтай жаңартылған.

Одан кейін Президент Аккредиттеу орталығы орналасқан «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешеніне барды. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаевқа Көшпенділер ойынына қатысатын ұлттық құраманың киім үлгісі таныстырылды.

Жалпы халықаралық іс-шараға 1500 ерікті тартылмақ. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, осы уақытқа дейін ұлттық құрама спортшылары халықаралық және республикалық деңгейде 42 оқу-жаттығу жиынын өткізген. Сондай-ақ 7 халықаралық және 25 республикалық турнирге қатысқан. Дүбірлі додаға әлемнің 89 елінен 2800 қатысушы мен ресми делегация мүшелері келеді. Сайыстың 21 түрінен 97 медаль сарапқа салынады. Осы күндері елордаға 100 мыңға жуық турист келуі мүмкін деп болжанып отыр.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ат спортынан жарыстар өтетін «Қазанат» ипподромын, жамбы ату және теңге ілу сайыстары үшін арнайы жасақталған алаңды көрді. Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Астанада 8-13 қыркүйек күндері өтеді.


Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу