Бесінші көшпенділер ойындарының басталуына санаулы күндер қалды. Әлемнің бірқатар елінде спортшылар соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Түркиялық садақшылар да дүбірлі додаға тас түйін дайын. Дәстүрлі садақ ату түрінен әлемде мықтылардың бірі болып саналатын түрік спортшылары осы жарыста да жоғары көрсеткішке жетуден үмітті.
Юсуф - кәсіби садақшы. Осы спорт түрімен 8 жылдан бері айналысып келеді. Қазір аптасына жеті күн жаттығу жасап, көшпенділер ойындарында алтын медаль алу үшін барын салуда.
Юсуф Дүзгүн, садақшы:
Күн сайын таңертең және кешке садақ ату жаттығуларын жасаймыз. Ал күндіз барлық денеге арналған арнайы жаттығуларымыз бар, соларды жасаймыз. Қазақстанға 10 спортшы бара жатырмыз. Мақсатымыз жақсы дайындықпен барып, алтын медаль алу.
Дәстүрлі садақ атуда спортшыда садақ пен жебеден басқа ешқандай қосымша құрылғы жоқ. Яғни спортшы тек шынайы шеберлігінің арқасында ғана 60-70 метр жердегі нысанаға дөп тигізе алады. Қатты адырнаны құлаштап тарту, нысананы көздеу, тіпті желдің қай жақтан соғып тұрғанын есептеу оңай емес.
Сенай Кечижи, садақшы:
Бұл спорт түрі кейінгі жылдары ғана дами бастады. Сондықтан өзімді тек спортшы емес, садақ ату дәстүрімізді әлемге танытатын елші ретінде сезінемін. Түркияда өткен көшпенділер ойындары кезінде Қазақстаннан келген достарымызбен танысқан едім. Енді сол жаққа жарысқа барамын. Сол үшін өте қуаныштымын.
Түрік спортшыларының бапкері Жунейіт Өзтан садақ атуға тек спорт деп қарамайды. Бұл ата-бабадан бері үзілмей келе жатқан дәстүр. Сондықтан өзі жаттықтыратын спортшыларға тек садақ атуды емес, оның тарихы мен мән мазмұнын да түсіндіріп отырады.
Жунейіт Өзтан, Түркия дәстүрлі садақ ату федерациясының жаттықтырушысы:
Біз садақ атуды Түркі әлемін біріктіретін дәстүр деп бағалаймыз. Бұл аталарымыз үшін қасиетті спорт еді. Алайда Көшпенділер ойындары бүгінге дейін тиісті дәрежеде таныстырылмай келді деп ойлаймын. Бұл да бір Олимпиада іспетті. Сондықтан көшпенділер ойындарына да, оған қатысатын спортшыларға да Олимпиада ойындарындағыдай құрмет көрсетілуі керек деп ойлаймын.
8-14 қыркүйек күндері Астанада өтетін Көшпенділер ойындары 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Ойындарға бүгінде жүзден аса мемлекет қатысуға өтініш берген. 20-дан аса спорт түрінен сайыс өтіп, 110 медаль сарапқа салынады.
Айдос Әшімұлы