Мемлекет басшысының Ақмола облысына жұмыс сапары Родина ауылында жалғасты. Астана, Көкшетау және Қостанай қалаларын табиғи сүт өнімдерімен қамтып отырған шаруашылықты аралап, тұрғындармен тілдесті. Бүгінде аймақта 15 сүт фермасы бар. Оған 13,3 млрд теңге бөлінген. Президент «Родина» ауылындағы қожалыққа қандай баға берді? Айя Мүтәлі тарқатады.
Айя Мүтәлі, тілші:
Родина ауылы бүгінде еліміздегі ең үлгілі елдімекен ретінде әйгілі. Астанадан шамамен 70 шақырым жерде орналасқан. Ауылда жабық хоккей корты, мәдени-демалыс саябағы, спорт кешені бар. Мұнда тіпті бұл әлеуметтік нысандарды электр қуатымен қамтамасыз ететін жел электр станциясы да іске қосылған.
Ауылда қазір мыңнан астам адам тұрады. Дені - көпшілікке «Родина» атымен танымал агрокешенде еңбек етеді. Ал компания жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін жыл сайын ауылға инвестиция салады. Былтыр 791 миллион теңге қаржы құйған. Президент бүгін бұл шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Мұнда арнайы аппараттың көмегімен бір мезгілде 32 сиырды қатар саууға болады. Жуырда тағы бір сауын цехы іске қосылмақ.
Жаңа сауын цехы іске қосылады
Рустам Қаркенов, «Родина» ЖШС бас директорының орынбасары:
Күніне 260 бас сиыр сауамыз. Әрқайсысы 38-39 л сүт береді. Қазір біздің өнімдер Көкшетау, Астана, Қостанай, Степногорск қалаларында сатылып жатыр. Алдағы жылы Қарағанды облысына жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Ал зауытта тәулігіне 50 тонна сүт өндіріліп, айран, қаймақ, ірімшік, май секілді 10 түрлі өнім шығарылады. Ешқандай қоспасыз, табиғи таза сүттен жасалады, дейді тұрғындар. Себебі, шаруашылықтың өз фермасы, жем-шөп базасы, сауын цехы мен зауыты бар. Сырттан келген мамандардың әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмайды.
Жас мамандарға қолдау бар
Ғалия Жылқыбаеваева, технолог маманы:
Жас отбасы болғанымызға қарамай, бізге үлкен коттедж берілді. Және әрбір отбасының мүшесіне дисконт картасы беріледі. Біз осы сүт, ет және нан өнімдерін 50 пайыздық скидкамен аламыз. Балабақша, мектеп бәрі тегін. Тамақтану бәрі тегін. Баламыз дүниеге келгенде бізге ақшалай көмек берілді.
Президент қожалықта тер төгіп жүрген жұмысшылармен жүздесіп, табыс тіледі.
Президент мәдениет үйі қызметкерлерінің өнерін тамашалады
Ауылда 1978 жылдан бері істейтін Мәдениет үйі бірнеше рет күрделі жөндеуден өткен. Ауыл халқының жартысы мұндағы хореграфия және спорт залдары, дыбыс жазу студиясы мен өзге де үйірмелерге қатысады. Түрлі шығармашылық ұжым да құрылған. Бүгін бір топ өнерпаз президенттің келуіне орай «Достық шуағы» композициясын орындады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Ауылға арнайы келдім. Құрметті Иван Адамович Сауэрдің шаруашылығы жайында бұған дейін көп естіген болатынмын. Бірақ мұнда келіп, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысудың реті болмай жүр еді. Бұл – өте үлкен әрі барлық көрсеткіш бойынша үздік шаруашылық. Баршаңызға бақ-береке тілеймін.
Президент ауылдағы жалғыз мектепті де көрді. 268 бала оқитын білім ошағы соңғы 4 жыл бойы күрделі жөндеуден өткен. Бұдан бөлек, «Достық» саябағы мен өз өнімдерін ұсынатын ірі сауда дүкенін де аралады.
Айя Мүтәлі
