Алматы облысындағы балмұздақ өндіретін ең ірі «Шин Лайн» кәсіпорны келер жылы қосымша зауытты іске қосады. Осылайша 1500 адам жұмыспен қамтылмақ. Қазір кәсіпорын жылына 23 мың тоннадан астам балмұздақ өндірсе, 2033 жылы бұл көлемді үш есеге арттыруды көздеп отыр. Өндіріс орнында 3 желі жұмыс істеп тұр. Әр қайсысы тәулігіне 50 тонна өнім өндіріп, 140-тан астам балмұздақ түрін шығарады. Екі жылда 350 тоннаға жеткізу жоспары бар. Өндіріс орны толықтай автоматтандырылған. Қоймаға жасанды интеллект жүйесі енгізілген. Мәселен, мына робот-кран өздігінен штрих-кодты сканерлеп, еліміздің қай өңіріне балмұздақтың қандай түрі сұраныста екенін анықтайды. Тіпті, сол аймақтың ауа температурасына лайықтап орайды. Қоймадағы өнімнің жарамдылық мерзімін де сұрыптап отырады. Кәсіпорын шикізатты Алматы облысындағы фермерлерден, алыс-жақын елдерден сатып алады.
Дмитрий Докин, «Шин Лайн» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы:
Біз Беларусь, Украина, Ресей, Оңтүстік Корея елдерінің балмұздақтарының құрамын зерттедік. Технологияларымыз да жаңа, тіпті, бізде бар құрылғылардың кейбірі ТМД мемлекеттеріне әлі келмеген. Орталық Азия елдерін түгел қамтып отырмыз. Ендігі меже – Шығыс Еуропадағы ең ірі өндіріс орнына айналу.
Айдана Қуантхан