Маймыл шешек вирусының белгілері тұмауға ұқсайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маймыл шешек вирусының белгілері тұмауға ұқсайды

15.08.2024

Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Африкадағы маймыл шешек індеті әлемге қауіп төндіріп тұрғанын мәлімдеді. Вирустың тарауын төтенше жағдай деп жариялады. Бұл жолғы штамм былтырғысына қарағанда әлдеқайда жылдам тарайды. Мутацияланған түрі алғаш рет Конгода тіркеліп, құрлықтың бірнеше елінен анықталған. Тақырыпты Арай Төлегенқызы жалғастырады.

Жыл басынан бері Африка құрлығында 14 мыңға жуық адам маймыл шешек жұқтырған. Вирустан 450-ден астам науқас қайтыс болды. Осыған байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдік деңгейде төтенше жағдай жариялады.

Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы:

Бүгін төтенше жағдайлар комитеті шұғыл бас қосып, төтенше жағдай жариялау қажет екенін айтты. Мен бұл кеңеске құлақ астым. Індетті тоқтату және адамдардың өмірін аман сақтап қалу үшін халықаралық деңгейде бірлескен шаралар қажет. 

Маймыл шешек - аса жұқпалы вирус. Оның белгілері тұмауға ұқсайды. 2022 жылы бұл ауру Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америкада, кейін әлемнің тағы бірқатар еліне тараған еді. Алайда қазіргі мутацияланған түрі бұрынғысына қарағанда тез жұғады әрі қауіпті.

Жаклин Музенгимана, тұрғын:

Қызымның дене қызуы көтеріліп, денесіне жара шықты. Қолы, іші, тіпті тілі бөртіп кеткен. Дәрігерлер өміріне қауіп төнді деп айтқасын, бірден ауруханаға әкелдім.

Әзірге маймыл шешек вирусына қарсы қандай да бір ем немесе арнайы екпе ойлап табылған жоқ. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаһандық деңгейде төтенше жағдай жариялау арқылы Африкадан тыс елдер жұқпалы вирусты зерттеп, оған қарсы вакцина табады деп үміттенеді.

 

Арай Төлегенқызы 

Хабарламаларға жазылу