Астанада «Euronews» телеарнасының өкілдігі ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Euronews» телеарнасының өкілдігі ашылады

15.08.2024

Астанада әлемдік медиа кеңістікте кеңінен тараған «Euronews» телеарнасының өкілдігі ашылады. Бұл белді ақпарат құралының Орталық Азияда хабар таратуға бағытталған маңызды қадамы. Бельгияға жұмыс сапарымен барған еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Euronews» директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидпен кездесіп, қос тарап келісімге қол қойды.

«Euronews» 160 мемлекетте 24 сағат бойы үзбей хабар тарататын әлемдегі беделді телеарналардың бірі. Орталық Азия хабын игеру үшін арна басшылығы Қазақстанды таңдауы бекер емес. Мемлекеттің бүгінгі даму бағыты, ондағы оң өзгерістер жаһандық БАҚ-тың ұдайы назарында. Сондықтан Елорда төрінен «Euronews» өкілдігінің ашылуы Қазақстан үшін де ұтымды қадам.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

Біз үшін бұл Қазақстанды әлемге қайта таныстыруға керемет мүмкіндіктер ашатын маңызды оқиға. Қазақстан – ұлы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері ғана емес ең бай мәдени және тарихи мұрасы, тамаша табиғаты, танымал тұлғалары бар мемлекет. Сондықтан мен Euronews командасының Қазақстан туралы бүкіл әлемге еліміздің жүрегі - әсем Астанадан хабар тарататынына өте қуаныштымын.

Брюссельдегі келелі кездесуде қос тарап екі жақты келісімге келіп, соның аясында бірқатар жоба жүзеге асырылмақ. Шетелдік арна жақын арада қазақтың өнері, мәдениеті мен өмір салты туралы телешоу әзірлемек. Сондай-ақ елдегі іскерлік және экономикалық оқиғалар да «Euronews» назарынан тыс қалмайды. Бұдан бөлек әлемдік медианың білікті мамандары отандық БАҚ өкілдерімен тәжірибе алмасып, шеберлік сағатын өткізу жоспарда бар.

Педро Варгас Давид, «Euronews» директорлар кеңесінің төрағасы:

Әлемдегі ең ірі телеарнаның Астанада хаб ұйымдастыруы - Қазақстанның әлем елдеріне ашық екенін көрсетті. Еуроньюс осы арқылы шығыс әлеміне қанатын жаймақ. Қазақстан - Еуразия құрлығының орталығы. Біздің арнамыз жаһанның 1,2 млрд тыңдарманына хабар таратады. Орталық Азияда хаб ашуды бұрыннан мақсат етіп қойып едік. Екі жаққа да тиімді ынтымақтастығымыз өз жемісін береді деген сенімдемін.

Марғұлан Баймұхан, ҚР Бельгиядағы төтенше және өкілетті елшісі:

Орталық Азияда хаб ашу - Евроньюс журналистеріне Қазақстанда, жалпы Азия аймағында жаңалықтың бел ортасында жүруіне және Қазақстан мен ЕуроОдақ елдері журналистері мен сарапшыларының өзара тәжірибе алмасуына зор мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Тағы бір ұтымды қадам. «Euronews» қыркүйек айында Астанада өтетін еліміз үшін елеулі оқиға Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ақпараттық серіктестігі атануға ниет білдіріп отыр.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу