Астанада міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы тегін көрсетілуі тиіс қызмет үшін ақы алынған.Яғни медициналық мекемелер бір адамды емдегені үшін екі тараптан қаржыландырылған. Жоғарғы аудиторлық палатаның жүргізген тексеруі кезінде осындай заң бұзушылықтар анықталды.
Бұл туралы МӘМС жүйесі бойынша өткен қоғамдық талқылау кезінде айтылды. Одан бөлек лицензиясы толық емес мекемелерге қордан қаржы аударылып келген. Ал, кей мекемелер керісінше, көрсеткен қызметі үшін толық қаржы алмай қарызға батып кеткен.
Дәулетхан Серғазыұлы, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:
Емдеу мекемелерінің біразында кредиторлық қарыздары бар. Ол қарыздардың пайда болуы осы МӘМС тарапынан ақшаның азырақ түсуіне байланысты. Қаржыландырудың аздығы тек қана министрлікке немесе қалаға, қала әкімдігіне байланысты емес. Ол сол МӘМС қорына ақшаның аз түсуінен.
Өйткені әлі де сақтандыруы жоқ тұрғындар көп. Мәселен елорда тұрғындарының 77 пайызы ғана сақтандырылған. Медициналық мекемеге тіркелген 241 мың адам үшін ай сайын төлем жасалып жатқан жоқ. Мұнымен қоса МӘМС-ке қатысты қандастарымызға арналған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір жұмыссыз қандастардың барлығы мемлекеттің қаражаты есебінен сақтандырылған. Қазір осы мәселені пысықтап жатырмыз, - дейді мамандар.
Оңғар Алпысбайұлы