Олжас Бектенов: Мұнай-газ саласы халық игілігі үшін қызмет етуі керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олжас Бектенов: Мұнай-газ саласы халық игілігі үшін қызмет етуі керек

14.08.2024

Мұнай-газ саласы Қазақстан халқының игілігі үшін қызмет етуі керек. Үкімет басшысы саланы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте осылай деді. Олжас Бектеновтің айтуынша, бұл ұлттық бизнесті дамытуға, жұмыс орындарын ашуға және ел тұрғындарының тұрмыс деңгейін жақсартуға ықпал етеді. Осы арқылы түсетін табыстың неғұрлым көп бөлігін Қазақстанда қалдыруға болады. Кеңесте мұнай өндіру мен өңдеудің сын-тегеуріндері мен келешегі талқыланды. Сондай-ақ, геологиялық барлау саласындағы жаңа жобаларды іске асыру жайы сөз болды. Олжас Бектенов Үкімет мұнай және мұнай өнімдері нарығын ырықтандыруға бағытталған реформалар жоспарлап отырғанын жеткізді. Осы мақсатта тиісті кодекстерге заңнамалық түзетулер әзірленіп жатыр. Бұл жер қойнауын пайдаланушылар мен мұнай өнімдерін өндірушілерді қосымша ынталандыруға мүмкіндік бермек.

Бұдан бөлек, Премьер-министр Олжас Бектенов Тайланд Премьер-министрінің орынбасары Пхамтум Вечайячаймен кездесті. Тараптар инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақ келешегін талқылады. Кездесуде қазақстандық өнім экспортын ұлғайту мәселесі де көтерілді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 367 миллион долларға жеткен. Енді Корольдік Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін көбірек сатып алуды жоспарлап отыр.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу