Қарағанды облысының 92 ауылына жаңа емхана салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысының 92 ауылына жаңа емхана салынады

14.08.2024

Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Самарқанд ауылы тұрғындары емханаға зәру. Осыдан екі жыл бұрын ескі емхана отқа оранып, қазір ауылдағы үйлердің бірін медициналық мекеме ретінде пайдаланып жүр. Кейін ауыл тұрғындарына жаңа дәрігерлік амбулатория бой көтеретіні айтылған. Қазір құрылысы жүріп жатыр.

Жұмагүл Әлкейова 26 жыл бойы осы ауылда медбике болып жұмыс істейді. Дәрігер маманының жоқтығын білдірмей ауыл тұрғындарына қолдан келгенше көмек көрсетуде. Бірақ 2 жыл бұрын елдімекеннің ескі емханасы өртеніп кеткен. Енді аядай үйде ауыл тұрғындарын емдеуге мәжбүр.

Жұмагүл Әлкейова, медбике:

Бұрынғы істеп жатқан орнымыздың төбесі жанып, уақытша осы амбулаторияда жұмыс істеп жатырмыз. Шамамыз келгенше істеп жатырмыз. Мұнда акушер кабинеті, ар жағы екпе егу кабинеті. Балаларға екпе егеміз.

1100 тұрғыны бар ауылдық округ осы екі бөлмеде ем алады. Болмаса 100 шақырым жердегі аудан орталығына қатынайды. Тұрғындардың қуанышына орай биыл жаңа емхана бой көтермек. Қазір іргетасы құйылып, қабырғасы дайын тұр.

Мәрия Арынқызы, Самарқанд ауылының тұрғыны:

Ескі емханамыз сонда да емделдік қой, 60 жылдан асқан тар еді. Осы емханамыз өзімізге қызмет етсе деп армандаймыз. Емнің барлық түрі болса дейміз. Жеке-жеке кабинеттер болса деп армандаймыз.

Жаңа дәрігерлік амбулатория қазан айында аяқталады. Бұл жерде ауыл тұрғындары күндізгі стационарға қаралып, физотерапия және одан да бөлек түрлі ем шаралар қабылдай алады.

Жасұлан Көшек, Самарқанд ауылдық округінің әкімі:

Қазіргі таңда емхананың іргетасы қаланып, қабырғасы көтерілді. Қазір кәріз жүйесі ретке келтірілуде. Электр құрылғылары тартылды. Осы жұмыс аяқталғаннан кейін барлық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Жаңа білікті мамандар келеді деген үміттеміз.

Жалпы аймақ бойынша тура осындай 92 емдеу нысаны бой көтермек. Оның 42-сі биыл ел игілігіне беріледі деген жоспар бар. Бұл мақсатқа қазынадан 14 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылып отыр.

Жандос Бақытұлы

Хабарламаларға жазылу