Ақмола облысында күрес түрлерінен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында күрес түрлерінен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу өтті

13.08.2024

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында теңге ілу мен күрес түрлерінен ел намысын қорғайтын спортшылардың есімі белгілі болды. Балуандар 16 салмақ дәрежесінде боз кілемде кім мықтыны анықтайды. Ұлттық құрама өкілдерінің айтуынша, спортшылардың жартысынан көбі бас жүлдеге ие болуы мүмкін. Теңге ілеу шеберлері де осал емес. Қазір атлеттер қызу дайындық үстінде. 

Теңге ілуден іріктеу аяқталды. Әр 3 стильден 3 үздік спортшы таңдалды. 6 теңге ілуші бақ сынаған жарыстың қорытындысына сәйкес дүбірлі додада Батыс Қазақстандық Бекнұр Серіков - «Бес белес», Түркістан облысы атынан қатысқан - Бақыт Төлтай «Жеті құт», Рахат Қамбаров - «Қос құлаш» стилінен жүлдеге таласады. Ал теңге ілу бойынша жарыстар 11-13 қыркүйек аралығында Этноауыл аумағында өтеді.

Бақыт Төлтай, Теңге ілуден ұлттық құрама мүшесі:

Ауылда атқа мініп өскенбіз, көкпар шапқанбыз. Одан соң өзіне ыңғайлысы болғаннан кейін осы теңге ілуді таңдадым. Көшпенділер ойындарын күтіп жүргенімізге біраз уақыт болды. Осы ойында Қазақстанымыздың намысын қорғап, бірінші орын алуға тырысамыз.

Ал Ақмола облысында күрес түрлерінен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу өтті. Енді жүзден жүйрік шыққан 43 спортшы түркі әлемі көз тіккен дүбірлі додада ел намысын қорғайды. Балуандар қазақ күресі, кураш, алыш, аба, татардың белбеулі күресінен бақ сынаспақ. Қазір дайындық қызу. Жаттығу Щучинскте орналасқан спорт базасында өтіп жатыр. Екі апта бұрын басталған оқу-жаттығу жиыны ертең аяқталады.

Ғани Келдіқұлов, Қазақ күресінен бас жаттықтырушы:

Жалпы жыл басынан бері осы біздің бесінші оқу-жаттығу жиынымыз. Бұл оқу-жаттығу жиынында арнайы дене дайындықтарын жетілдіріп жатырмыз. Техника, тактикалармен жұмыс жасадық. Енді келесі ақырғы оқу-жаттығу жиыны көшпенділер ойынының алдында Астана қаласында өтеді. Барлығы тыңғылықты, спортшыларымыз жарақатсыз.

Көшпенділер ойындары Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Жылдың ең маңызды әрі ауқымды әлемдік спорттық іс-шарасына 89 елден 2000-нан астам спортшы қатыспақ. Бағдарламаға спорт 21 түрі кірсе, оның 12-сі ұлттық спортымыз.

Асылбек Данияр

Ұмсындық Наурызбай


Хабарламаларға жазылу