Қазақстан Түркияға ет экспорттайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Түркияға ет экспорттайды

13.08.2024

Қазақстаннан Түркияға ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты ұлғаймақ. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың түркиялық әріптесімен кездесуі барысында бірқатар тиісті құжаттарға қол қойылды. Ал түрік инвесторлары елімізге ауыл шаруашылығы техникасы мен терең өңдеу технологияларын әкелуге ниетті.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің айналымы 13 пайызға өскен. Ал қос елдің министрлері кездескен осы сапар аясында құны 2 млрд доллар болатын инвестициялық келісімдерге қол қойылды.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Жалпы 2 млрд жуық құжаттарға қол қойылды. Ол өте маңызды. Бізге Қазақстанға керек. Түркияға да керек. Сондықтан, бұл жұмыс дұрыс атқарылады деп ойлаймын. Ал енді оны бақылауға ұстау үшін екі мемлекеттің жұмыс тобы бар. Сол жерде біз бақылауда ұстаймыз. Және министрмен келістік. Ол кісі де оны қолдап отыр. Одан басқа, біз жол картасына қол қойдық. Сол жол картасында қандай проектілер, қандай жұмыстар атқарылатын болады және қай уақытта, кім жауапкершілік алады бәрі жазылған.

Ибрахим Юмаклы, Түркияның Ауыл шаруашылығы және орман министрі:
Қазақстан мен Түркияның арасында барлық салада өте жақсы ынтымақтастық бар. Ауыл шаруашылығы саласындағы қарым-қатынасты да біз жоғары деңгейге шығарамыз. Бұл үшін екі елдің де тәжірибесі жеткілікті. Бүгін қол қойылған құжаттардың негізінде жүзеге асыратын өте тиімді жобалар бар.
Бүгінге дейін Қазақстан Түркияға өсімдік шаруашылығы өнімдерін ғана экспорттайтын. Жақында қол жеткен келісімге сай бұған дейін 20 жылдай шектеу қойылған мал өнімдерін де сатуға мүмкіндік берілді. Бұдан бөлек, жаңа технологияға негізделген бірлескен компаниялар да ауыл шаруашылығы саласында тиімді жобаларды жүзеге асыруға дайын.

Жандос Тұрсынғалиев, кәсіпкер:
Бірлескен кәсіпорынның жұмысын бастап жатырмыз. Ауыл шаруашылығы саласында Алматы облысында жеміс-жидек және көкөніс өнімдерін өндіру, сірке зауытын ары қарай жеміс-жидек өңдеу комбинатын құрамыз деген жоспарымыз бар. Алатау экономикалық аймақта жер бөлініп қазір сол жұмыстарды нақтылап жатырмыз.
Оғыз Ылыжа, түркиялық кәсіпкер:
Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында үлкен потенциалға ие. Топырағы құнарлы, жері кең, халқы өте еңбекқор. Біз өзіміздің бүгінге дейін жинаған тәжірибемізді осы саланы ары қарай дамытуға қолдансақ деп отырмыз. Осылайша екі ел арасындағы стратегиялық байланысты тереңдетуге аз да болса үлесімізді қосқымыз келеді.
Қазір тағы 10 инвестициялық ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның жалпы құны - 553 млн АҚШ доллары. Сондай-ақ қазақ кәсіпкерлері Түркияға алғашқы бетте 80 млн доллардың етін жеткізбек. Дегенмен тараптар екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті әлдеқайда жоғары екенін, сондықтан сауда-инвестициялық ынтымақты арттыра түсу қажет, -дейді.

Айдос Әшімұлы 

Хабарламаларға жазылу