Алматы облысында 300 отбасы жарыққа жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында 300 отбасы жарыққа жарымай отыр

13.08.2024

Алматы облысында 300-ден астам шаңырақ жарыққа жарымай отыр. Исаев ауылын алты жылдан бері жалғыз ғана трансформатор электр қуатымен қамтамасыз етіп келеді. Жарық өшсе, ауыл коммуникациядан толық ажыратылады. Халыққа жылдар бойы ауыл әкімдігі құрғақ уәде беріп келіпті. Енді ашынған жұрт облыстық әкімдіктің алдына жиналды. Олардың жауабы қандай? Тұрғындардың мәселесі қалай шешіледі? Айдана Қуантхан тыңдап қайтты.

Электр қуатының жиі өшуінен тұрғындардың тұрмыс техникасынан түк қалмапты. Қас қарайса жарық әлсіз жанады. Ауылда жалғыз ғана трансформатор бар. Оның да жағдайы мәз емес. Қазір 80 шаңыраққа шақталған құрылғыға 300-ден астам баспана қосылып отыр.


Ақмарал Өмірзақова, ауыл тұрғыны: 
Ешқандай техника қолдана алмаймыз. Тоңазтқыш түнде қатырады, күндіз суын ағызып тұрады. Кір жуа алмаймыз. Оны ұмыттық. 
Жексенбай Қасен, ауыл тұрғыны: 
Бұл қорқынышты жағдай, кейде ұйқы жоқ. Ұйықтай алмаймыз, өртеніп кетеміз бе деп. Бір жетіге өшіп қалады кейде,  күн бұлттанса жарық болмай қалады.
Қырық жамалған тоқ пен қуаттылығы 250 киловаттық трансформатор да халықтың ақшасымен салыныпты. Электр желісіне жауапты болған мердігерге әр отбасы 250-300 мың теңгеден ақша жинап берген. Оның өзі де талаптарға сай емес. Тоқ желісін газ құбырының үстімен жүргізіп, ағашқа байлап қойған.

Айдана Қуантхан, тілші: 

Электр сымы баланың бойымен бірдей жүргізілген, қазір салбырап жерге түсіп тұр. Мұнда қауіпсіздік мүлдем қарастырылмаған, - дейді тұрғындар. Ауылдағы бағананың сыйқы осы. Үп еткен жел мен жаңбырға шыдас бермейді.

Гүлсағира Шалғынбаева, ауыл тұрғыны: 

Ағашқа былай орап тастаған да, ол деген жерге түсіп кетеді. Немерелеріміз тоққа түсіп кетеме деп қорқамыз. Бұрынғы қазақтармыз ғой, мақтаға майды жағып, соны жағып отырамыз.
Ауыл әкімінен қайыр болмаған соң амалы таусылған жұрт Қонаевқа жиналды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары жиналған халықпен жүздесуге әрең уақыт тапты. Десе де, тілшілерге жауап беруден бас тартты. Ауыл тұрғындарының мәселесін өз көзімен көру үшін әкімдік өкілін Исаевқа алып бардық. Ол да қауіпсіздік сақталмағанын мойындап, әдеттегідей жаттанды жауаппен шектелді.

Айдын Бегімбеков, облыстық ТҮКШ бөлімінің басшысы: 
Бұл ауылдың толық электр желілерімен қамтып, мәселені шешу мақсатында аудандық ТҮКШ-мен жобалық-сметалық құжаттама дайындалып қойған. Жалпы құны - 262 млн теңге. Сол қаражатты облыстық бюджеттен қарастыратын боламыз.
Алайда ауылдағы электр желісі қашан ауыстырылатыны белгісіз. Жұмыстың басталуын да дөп басып айту қиын, - дейді әкімдіктегілер. Ал оқыс жағдай бола қалса, ауыл тұрғындары кімнен жауап аларын білмейді. Себебі сапасыз жүргізілген тоқ сымдарының қауіпсіздігін ешкім мойнына алмай отыр.

Айдана Қуантхан

Хабарламаларға жазылу